Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халқы сүйген қаламгер

Халқы сүйген қаламгер

Теңізді өлке перзенті, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз, жазушы Қуаныш Жиенбайдың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Белгілі қаламгер мерейтой аясында туған жерге табан тіреп, қазақ журналистикасының қара шаңырағына айналған «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, жазушы Сүлеймен Мәметпен бірге туған жерге табан тіреп, аудандық орталық кітапханада оқырмандармен кездесіп, өмірінің бедерлі тұстары мен еңбек жолы жөнінде ой бөлісті.

Мұнан соң аудандық мәдениет үйінде жазушының мерейтойына арналған кеш өтті.
Мерейтойға арналған кеш ең алдымен жазушының “Тулақ” атты туындысынан үзінді ретінде алынған жүрек тебірентер қойылымы қалың көрерменнің назарына ұсынылды. Қойылымда елінен жыраққа сатылып кеткен баланың елге деген сағынышы әсерлі суреттелген.

Жиынға аудан әкімі С. Сермағамбетов қатысып:-« Қасиетті Арал топырағынан өсіп-өнген қарымды қаламгерлердің қазақ әдебиетінде алар орны айқын. Соның ішінде аядай ғана ауылдан шығып, әдебиет әлеміне еркін ене білген Қуаныш Жиенбайдың тың ізденіс, тосын сүрлеуіне әдебиетіміздің көрнекті тұлғалары мен қаламгерлері әрдайым оң бағасын берді. Болашақ жас ұрпақ сіз секілді елінің қамын ойлар, рухы биік тұлғалардан үлгі алып өседі. Ұрпаққа өнеге болар мол мұраларыңыз көбейіп, жазарыңыз таусылмасын. Сізге зор денсаулық, мәнді де мағыналы ұзақ ғұмыр, шығармашылық қызметіңізге толағай табыстар тілеймін! Жетпістің желкенін керген мерейлі мерейтойыңыз құтты болсын!» - деп лебізін білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына шапан, жарына ақ жаулық жапты.

Одан соң аудан әкімі жазушының қаламдас досы Сүлеймен Мәметті қатар келген 70 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік кеште Сүлеймен Мәмет сөз алып, Арал өңірінің халқының кеңпейіл көңіліне бас иіп, ризашылығын білдірді. Қуаныш Жиенбай ағамызбен бірге көрген естеліктерінен сыр шертті.
Сонымен бірге жазушының қаламдас достары Толыбай Абылаев, Жұмабай Жақып, Ерғали Абдулла мен жас ақын Алтынбек Қыстаубаев мінезі де, туындылары да өзгелерден бөлектеу қаламгердің шығармашылығы хақында кеңінен әңгімеледі.

Тағылымды шара барысында жазушының жерлесі, сазгер Болатбек Тәжімбетов сахна төріне көтеріліп, туған жеріне арнап, ән арнады.

Жиын соңында, кеш иесі сөз алып ыстық ілтипат пен құрмет көрсеткен барша жерлестеріне, сондай-ақ ол осы кештің өтуіне ұйытқы болған аудан әкімдігі мен мәдениет бөліміне зор ризашылығын білдірді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
15 маусым 2022 ж. 619 0