Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада көрнекті жазушы, эколог, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, “Парасат” орденінің иегері Сайлаубай Жұбатырұлының 70 жылдық мерейтойына арналған “Тағдырым теңізбен тағдырлас” атты кездесу кеші өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен аймақтың зиялы қауым өкілдері қатысты. Мерекелік кеште Р.Рүстемов мерейтой иесіне облыс әкімінің «Құрметті Сайлаубай Жұбатырұлы, сізді Сыр жұртшылығы атынан 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өңіріміздің рухани-мәдени саласының дамуына зор үлес қосып, 50-ге жуық көркем фильмдерге аударма жасап, Арал тағдырын шығармашылығыңыздың өзегіне айналдырған қайраткер жазушысыз. Осы ретте Сіздің шығармашылығыңызға толағай табыс, отбасыңызға амандық тілеймін. Елге жасаған еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз» деген құттықтауын жеткізіп, қаламгерге Астанада өтетін «Арал достары» атты халықаралық симпозиумге қатысу туралы аймақ басшысының шақыртуын айтты. Сондай-ақ, жазушы мерейтойы алдағы уақытта облыс көлемінде аталып өтілетіндігін мәлімдеді. Жалпы, Арал экологиясын тереңнен зерттеп түрлі шығармаларына арқау еткен жазушының еңбегін өзге де кеш қонақтары сөз етті. Шара барысында әннен шашу шашылып, қаламгердің еңбектеріне арналған кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды. Айта кетейік, С.Жұбатырұлы Арал ауданы, Бөген ауылының тумасы. Бүгінде оның «Алыстағы аралдар», «Отты өлке», «Бумеранг» повестері мен бірсыпыра әңгімелері және «Абыржы» трилогиясы жарық көріп, өз оқырмандарына жол тартқан. Сонымен қатар, «Кіші Арал», «Қазақстан арнасы» идеяларының авторы. hseykhuninfo.kz |