АРАЛДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ПАРАСАТТЫ ПОЭЗИЯ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Аудандық мәдениет үйінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы мен ақын, сыншы, аудармашы Жарасқан Әбдірашұлының шығармашылығына арналған "Парасатты поэзия" халықаралық фестивалі өтті .Поэзия кешін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Шәкизада Әбдікәрімов жүргізді. Жиында сөз алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев киелі Арал топырағында өткізіліп отырған фестивальдің қатысушыларына сәттілік тіледі. Жыр кешінде елімізге белгілі Мейірхан Ақдәулет, Бекзат Смадияр, Мирас Асан, Әнуар Бимағанбет, Ұларбек Нұрғалымұлы, Асылзат Арыстанбек, Ғазиза Әбілда және Татарстан Республикасынан келген ақын, жазушы Рустем Галиуллин мен Қырғызстан Республикасының белгілі ақыны, Қарбалас Бакиров өлең-жырларын оқып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.Кеш барысында режиссёр, сценарист Рүстем Әбдірашов сөз алып, Жарасқан Әбдірашұлының өмірі мен шығармашылығын баяндап, өмірнама естеліктерімен бөліссе, ақынның немересі Әбілхайыр Әбдіраш өз туындысымен өмірге келген күйлерін орындады.