Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызылордада республикалық айтыс өтті

Қызылордада республикалық айтыс өтті

Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай Сыр өңірінде республикалық айтыс өтті. Қазақстанның 9 қаласынан ақындар келіп, «Астана – биік төрім, Қызылорда – туған жерім!» тақырыбын арқау етіп, додаға түсті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімі қатысып, ақындарға сәттілік тіледі.
«Еділден айырылған қазақ Есілден де айырылардай болып тұрған елең-алаң кезеңде Елбасының батылдығымен, кемеңгер шешімімен Еуразия төрінде, Сарыарқаның төсінде заманауи Астана бой көтерді. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру - бұл қазақтың өз билігі өз қолына тиген соң ұлттың болмыс-бітімін сақтап, болашағын баянды ету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып, қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл қадам қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыстығын уақыт дәлелдеді. Құла даладан құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандырған Елордамыз - Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне, әлем елдері бас қосатын достық мекеніне айналды. Ата-бабаның аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғаған кең байтақ жерімізді сақтап қалудағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігін қазақ қоғамы енді ғана түсіне бастағандай», - деді аймақ басшысы.
Шараға арнайы Маңғыстаудан келген ақын Мэлс Қосымбаев Сыр еліне арнауын айтты. Байқауға Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Атырау, Қарағанды, Семей, Павлодар және Қызылорда облысының атақты айтыс шеберлері қатысты.
Бас жүлдені қызылордалық ақын Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. Бірінші орын қарағандылық Мақсат Ақановқа бұйырса, алматылық Рүстем Қайыртай екінші орынды иеленді. Сондай-ақ, семейлік Әсем Ережеқызы, павлодарлық Қайрат Нұрқанат және жерлесіміз Мұхтар Ниязов үшінші орын алды. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Атап өтейік, «Сыр елі – жыр елінде» бүгінгі күнге дейін жыршы-жырау, ақын-айтыскерлердің өнері кең көлемде насихатталып келеді. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай халықаралық айтыс пен дәстүрлі музыкалық өнер фестивалі ұйымдастырылса, өткен жылы желтоқсан айында «Парасатты поэзия» халықаралық шығармашылық кеші өтті.

https://baq.kz/kk/news/astana_20/kizilordada_respublikalik_aitis_otti20180221_234500?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com
23 ақпан 2018 ж. 2 263 0