Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Толқын түлеткен тұлға

Толқын түлеткен тұлға

Жарасқан Әбдірашев
Әдебиет әлемінде Аралдың маңдайына біткен жарық жұлдыздары, елдің рухын көтерген, аймағымыздың абыройын асқақтатқан асқаралы азаматтары аз болған емес. Олар елдің елдігін, ұлттың бірлігін ұшқыр ой, ұтымды пікірімен халық санасына сіңіре білді. Ең бастысы туған жері, құт мекені болған Аралдың жағасы қаңсырап, ел жұрты қалжырап қалған қасіретті халін қанмен жазды. Солардың бірі әрі бірегейі - Жарасқан Әбдірашев. Ақын Жарасқан Әбдірашев құт қонған мекен Арал топырағында дүниеге келіп, бала кезден-ақ жырды жанына тұмар етті. Шалқар шабытымен жақұт өлең өрді. Ол - өзшығармаларында қазақ тілінің нәрін жоғалтпастан, ұрпағына таза қалпында жеткізді. Оның  паэзия падишаһына айналуына алғаш себепкер болған аудандық «Толқын» газеті еді. Бала ақынның қарымды қаламынан өрбіген тырнақ алды туындылары«Толқын» газетінде(1957-1963жж.) тұрақты түрде жарияланып отырған. Осылайша қайнар бастауын алған қаламгердің туған халқына, еліне, жеріне арнаған 20-дан астам кітабы рухани қазынамыз болып  қалды. Жарасқан Әбдірашев  туған жерге арнаған өлеңдерінде  өзінің қасиет тұнған Арал жерінде туылғандығын асқан мақтанышпен жырлайды. Оны мына бір өлеңінен айқын көруге болады:
- Сабырлы Сырдың аяғы,
Аралға құяр тұстағы-
Бар ма екен әлі баяғы
Бабамның ескі қыстауы.
Арманнын тыңдап Ай мұңды,
Азынап әнге сала ма?
Бар ма екен әлі айдынды,
Шұқыркөл менен Қаракөл.
Бар ма екен шағын сол ауыл,
Көп болды бармай кеткелі.
Жұмақ жер іздеп жаңа бір,
Жамырай көшпек жоқ па елі?!
Сорасын сүртіп көзімнің,
Қол ұшын берер маған кім?
Беймарал бала кезімнің,
Белгісін қайдан табармын - деп жырлаған еді.
 Өлең – өмірдің үзіліп түскен бір тамшысы болса, сол тамшыны теңізге айналдырған ақын қаламынан туған шығарманың қайсыбірін алсақ та тұщымды ой, өнегелі тәрбие айқын көрінеді. Жарасқан ақын өз кезегінде халқының дақазақ әдебиеті алыптарының де жоғары бағасын алды. Оған дәлел Тұманбай Молдағалиевтің: «Әдебиетке оның ішінде поэзияға келген топтың, шоғырдың ең бір жарығы, ең бір сәулелісі, ең бір жұлдыздысы - Әбдіраштың Жарасқаны. Ол-алғашқы өлеңдерінен бастап-ақ, өзінің ақын екенін, ақын болғанда да, жақсы ақын екенін танытқан жігіт. Жалпы білімі, ақындық күш қуаты бір елдің поэзиясының ту ұстаушысы болатындай мүмкүндігі әбден бар жігіт» деп бағалағаны. Қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиевтің мынадай пікірінен кейін ақын  шығармашылығына баға берудің өзі артық болар. Аралдың түстігінде орналасқан  Ақшатаудың киелі топырағында дүниеге келген қарапайым ауыл баласына, оның талант ретіндегі әрбір қадамына тілектес болған  жазушы Әбіш Кекілбаев «өтіп бара жатқан уақыт керуені Жарасқандай ерек таланттың ұлттық руханиятымыздағы өзгеше орнын одан әрі өркештендіре түсері сөзсіз»,-деген, баталы сөзін арнады.  Осылайша алыптар шоғырының төгіліп сөйлеп, толғана пікірін білдіруінен-ақ  Жарасқан ақынның поэзиясы қазақ әдебиетінің алтын қорынан мәңгілік орын алғандығы анық аңғаруға болады. Ақынның артында өмірлік өшпес мұрасы маржан жырлары қалды. Асыл әкеден ақыл, парасат алған ұрпағы қалды.
«Ұрпақтар сабақтастығы» деген осы болар Жәкеңнің бел баласы Рүстем Әбдірашев қазіргі таңда кино әлеміндегі қазақтың маңдай алды туындыларын дүниеге әкелген бірегей режиссер. Әке аманатын арқалаған  Рүстемнің бүгінгідей айтулы күні ортамыздан табыла білуінің өзі өнеге.
         Өз кезегінде елім деген ерін елі де есінен шығармай Арал ауданы халқы әр кез Жарасқанымен мақтанып келді. 2015 жыл Арал қаласындағы №64 мектепке Жарасқан Әбдірашевтің аты беріліп ескерткіш бюсты орнатылды. Бұл айтулы күні ақынның көзін көрген қаламдас достары да туған жерге келіп, естеліктерімен бөлісті. Сол тұста ақын Ұлықбек Есдәулет мынадай жыр жолдарын арнаған еді:
Жарасқанның
Нар-алыпқа
Айналғаны жаңалық па?
Ақын бүгін қайта оралды
Балғын шағы-балалыққа.
Уақыт өзі айналдырды
Мәңгі тұлға – дара рухқа!
Шырқап шыққан сан асқарға,
Шын дарынға талас бар ма?
Қайта толған Аралдайын,
Қайта оралды Жарасқан да!
Өлмейтұғын өлеңімен
Жарасқан бар – Алаш барда! (Ұлықбек Есдәулет)
Бүгінгі күні ақынның әдеби мұрасын кеңінен насихаттау шараларымен  жары Нәзікгүл апамыз бен ұлы белгілі режиссер Рүстем Әбдірашев айналысуда.
12 ақпан 2018 ж. 2 170 0