Бірыңғай медициналық көмек пакеті: кеңейтілген диагностикалық көмек
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және көлемін кеңейтуге бағытталған Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру болды.Бірыңғай пакет аясында әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша консультативтік-диагностикалық көмектің қалай көрсетілетінін таныстыру мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы өңірдегі медициналық ұйымдарға баспасөз турын ұйымдастырды.
Алғашқы нысан – №3 қалалық емхана. 2025 жылы мұнда құны 79,1 млн теңгені құрайтын AR-Mammo цифрлық маммографы орнатылды. Бұл сүт безі ауруларын жоғары дәлдікпен скринингтен өткізуге және диагностикалауға арналған заманауи модульдік жүйе. Құрылғы кисталар, фиброаденомалар және қатерлі ісіктерді қоса алғанда, патологияларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Аппарат жоғары сапалы цифрлық кескіндер алуды қамтамасыз етеді және жаппай скринингтік тексерулерге де, тереңдетілген диагностикаға да қолданылады.
Дәрігер-рентгенолог Әлімжан Сағымбайұлы жабдықтың мүмкіндіктері туралы айтып берді:
- Бұл аппаратта тексеру жергілікті дәрігердің жолдамасы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүргізіледі. Маммография нәтижелері 5–10 минут ішінде дайын болады. Күн сайын 40-70 жас аралығындағы 30-ға дейін пациент қабылдаймыз. Біздің міндетіміз – онкологиялық ауруға күдіктің бар-жоғын анықтау. Күдікті өзгерістер анықталған жағдайда пациент әрі қарай тексерілу үшін онкологиялық орталыққа жолданады.
Бұдан кейін журналистер Орталық қалалық емхананың диагностикалық бөліміне барды. Мұнда құны 146,52 млн теңгені құрайтын сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараты орнатылған. GE Voluson Signature 18 және Signature 20 жүйелері Core/Unity озық архитектурасымен және жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған. Бұл деректерді жоғары жылдамдықпен өңдеуге және 2D/3D/4D форматындағы кескіндерді дәл алуға мүмкіндік береді.
Жабдық акушерлік және гинекологияда, құрсақ қуысы ағзаларын зерттеуде, педиатрия мен неонатологияда, қалқанша және сүт бездері ауруларын диагностикалауда, урология, кардиология салаларында, сондай-ақ тірек-қимыл аппаратына зерттеу жүргізуде қолданылады. Орта есеппен аппарат күніне 25-ке жуық пациентке қызмет көрсетеді.
Тексеруден қала тұрғыны Зухра Сермағанбетова да өтті.
- Емханамнан жүктілік бойынша пренаталдық скринингтің бірінші кезеңі аясында тексерілуге жолдама алдым, – деді ол. – Диагностикалық орталықта заманауи аппарат бар екенін естігенмін. Тексеру дәл осы құрылғыда жүргізілгеніне қуаныштымын. Енді сәбиімнің дамуы жүктілік мерзіміне сәйкес екеніне сенімдімін.
Ультрадыбыстық диагностика дәрігері Қайрат Жұмағұловтың айтуынша, бұл жабдық жүктіліктің ерте кезеңінде-ақ ұрықтың сүйек жүйесін, аяқ-қолдарын, жүрегін және басқа да ағзаларын бағалауға мүмкіндік береді. Бұл туа біткен патологияларды уақытылы анықтап, әрі қарайғы медициналық шешімдерді қабылдауға ықпал етеді. Сонымен қатар аппарат ішкі ағзалар ауруларын диагностикалауда, соның ішінде бүйрек пен өт қабындағы тастарды, кисталар мен жаңа түзілімдерді анықтауда қолданылады. Осындай аппарат перинаталдық орталықта да орнатылған.
Филиалдың бас сарапшысы Айгүл Аханованың айтуынша, Бірыңғай пакет аясында әлеуметтік маңызы бар сегіз ауруға күдік болған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Олардың қатарында туберкулез, АИТВ-инфекциясы, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық (сирек) аурулар, жедел миокард инфаркті және инсульт бар. Бұған дейін тегін консультативтік-диагностикалық көмек тек АИТВ-инфекциясы мен туберкулезге күдік болған жағдайда ғана көрсетілетін.
Осылайша, Бірыңғай медициналық көмек пакетінің енгізілуі заманауи диагностиканың қолжетімділігін арттыруға және әлеуметтік маңызы бар ауруларды дер кезінде анықтауға тең мүмкіндіктер қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.









