Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС жүйесіне енгізілген жаңа өзгерістер – халық игілігі үшін

МӘМС жүйесіне енгізілген жаңа өзгерістер – халық игілігі үшін

Биыл еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде маңызды өзгерістер орын алып, Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы жаңа заңға қол қойды. Бұл құжат медициналық көмекті баршаға қолжетімді етуге, қаржыландыру жүйесін оңтайландыруға және әлеуметтік әділеттілікті арттыруға бағытталған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.
– 2027 жылдан бастап елімізде денсаулық сақтау саласын сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшіру көзделуде. Бұл жүйе медициналық қызметтердің сапасын арттырып, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қызметтердің басым бөлігі азаматтар, жұмыс берушілер мен мемлекет тарапынан төленетін жарналар есебінен қаржыландырылатын болады. 2026 жылдан бастап Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізіледі. Онкологиялық ауруларға арналған скринингтер мен әлеуметтік мәні бар дерттер бойынша кеңес пен тексеру, амбулаторлық диализ, созылмалы ауруларды бақылау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық көмек осы пакетке кіреді. Әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар үшін де нақты қолдау қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдар сақтандыру жарналарын төлеу арқылы олардың медициналық көмектен тыс қалмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендер де сақтандыру жүйесіне енгізіледі. Сақтандыру мәртебесін сақтау мерзімі де ұзарды. Енді МӘМС жүйесіне тұрақты түрде жарна төлеген азаматтар төлемді уақытша тоқтатқан күннің өзінде алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады. Өңірде медициналық көмекті қаржыландыру көлемі артты. Кеңес-диагностикалық қызметтер, стационарлық көмек пен жоғары технологиялы операцияларға қаржы бөлініп, қызмет көлемі ұлғайды. Жүйенің тұрақтылығын арттыру үшін жарналар есептелетін табыс көлемінің шегі ұлғайтылып отыр. Бұл әділеттілікті қамтамасыз етіп, қосымша қаржы түсімін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, заңсыз медициналық қызметтің жолын кесу үшін бақылау шаралары күшейтіледі. Бұл өзгерістер халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, сақтандыру жүйесінің тиімділігін көтеруге бағытталған,-деді Жақсылық Әбілқасымұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

29 шілде 2025 ж. 43 0