Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚИЯЛ МЕН КОД: МИРАСТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ

ҚИЯЛ МЕН КОД: МИРАСТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ

ХХІ ғасырда технология мен білімнің тоғысуы – адамзат дамуының басты қозғаушы күшіне айналды. Әсіресе, жасанды интеллект пен робототехника саласы жаңа дәуірдің бет-бейнесін айқындап отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бірнеше рет атап өтіп, еліміздің болашағы білімді, технологияны меңгерген, жаңашыл ұрпақтың қолында екенін ерекше айтқан болатын. Мемлекет басшысы: «Біз жасанды интеллект, цифрландыру және робототехника салаларын дамыту арқылы жаһандық бәсекеге қабілетті ел болуға тиіспіз. Бұл бағытта ең басты ресурс – білімді, ізденімпаз жастар» деп, жас буынның ғылымға бет бұруының маңыздылығын нақтылап берді. Расында да, бүгінгі оқушы – ертеңгі инженер, программист, ғалым. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап баланың қабілетін танып, оны дұрыс бағыттау – ұстаз бен ата-ананың басты міндеті.
Осы тұрғыда болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушылардың бірі –Мирас Аралбек. Ол №220 орта мектебінің 2 «А» сынып оқушысы. Мирастың білім жолындағы алғашқы қадамы да ерекшебасталды. Оқу жылында алғаш сыныпқа қабылданарда әжесі Мария апа: «Нұрбибі Өтегенова апай кім?» деп арнайы іздеп келіп, немересін сеніп тапсырған еді. Сол сәттен бастап-ақ ұстазы Мирастың зеректігі мен алғырлығын аңғарды.
Шынында да, Мирас – сабаққа қызығушылығы жоғары, жауапкершілігі мол оқушы. Әжесінің тұңғыш немересі болғандықтан, отбасының еркесі. Дегенмен еркелік оның ізденісіне кедергі келтірмей, керісінше, қабілетін аша түскен. Олүш жасынан бастап конструктор ойыншығымен ойнай бастады. Ал мектеп табалдырығын аттағаннан кейін Лего конструкторларына деген қызығушылығы одан әрі арта түсті.
Оқушысының осы ерекше қабілетін байқаған Нұрбибі Өтегенова оған ғылыми жобаға қатысуға ұсыныс білдіреді. «Лего конструкторымен жасаған жұмыстарыңды ғылыми жобаға апарамыз» деген сөзден кейін-ақ Мирас өздігінен іздене бастады. Жасына қарамастан түрлі қозғалмалы денелер мен ойыншықтар құрастырып, шығармашылық қабілетін дамытты.
Сынып жетекшісі:
– Мирас – өте алғыр, зерек, жауапкершілігі жоғары оқушы. Ол тек сабақта ғана емес, шығармашылық бағытта да ерекше белсенділік танытады. Өздігінен ізденіп, жаңа дүниелер жасауға ұмтылады. Болашақта робототехника саласында үлкен жетістіктерге жететініне сенімім мол, – деп, қолдау білдірді.
Мирас сонымен бірге үйірмеге де қатысып, жетекшісі Динара апаймен бірге планшет арқылы «Әнші қыран құсты» құрастырып шығарды. Сонымен қатар қозғалмалы әткеншек, батареямен және пультпен жүретін машиналар сияқты түрлі техникалық бұйымдар жасауды меңгерген.
Баласының шығармашылыққа деген құлшынысын әкесі Оңталап та ерекше қолдап келеді. Мамандығы – программист әке баласының айтқан конструкторларын алып беріп, бағыт-бағдар көрсетіп отырады. Анасы Айбану – тігінші. Ол да баласының еңбекқор, ізденімпаз болып өсуіне өз үлесін қосып келеді. Осылайша, ата-анасының қолдауы Мирастың шығармашылық дамуына үлкен әсер етті.
Олар баласының мінезі туралы:
– Мирас кішкентайынан сабырлы, бірақ өзіне қызық дүниеге келгенде ерекше белсенді болады. Қолымен бір нәрсе жасап, құрастырудан жалықпайды. Әр істі соңына дейін жеткізуге тырысады. Біз оның арманына сенеміз және әрдайым қолдауға дайынбыз, – дейді.
Балдырғаншығармашылығы елеусіз қалған жоқ. Ол «Легоның балалардың дамуына әсері» тақырыбындағы ғылыми жоба жұмысымен мектепішілік және аудандық кезеңдерде І орын алып, облыстық кезеңде ІІІ орынмен марапатталды. Сонымен қатар мектептің информатика пәні мұғалімі Салтанат Жаңабергенова апай оның қабілетін байқап, аудандық информатика пәнінен сайысқа қатыстырып, нәтижесінде Мирас ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Наурыз мерекесінде аудандық «ЖИ көрмесіне» қатысып, өз шығармашылық жұмыстарын көпшілікке таныстырды. Мереке кезінде аудан әкімінің батасын алғаны – оның талпынысына берілген үлкен баға.
Мирас – заманауи технологияға бейім, ізденімпаз, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас дарын. Бүгінгі кішкентай өнертапқыш – ертеңгі елдің мақтанышы. Осындай оқушылар көбейген сайын, еліміздің ғылымы мен технологиясы да қарқынды дамитыны сөзсіз. Жасанды интеллект пен робототехника дәуірінде өз жолын тапқанбалалар – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.
Г.САҚТАПОВА
28 наурыз 2026 ж. 68 0