Ел болашағы – білімді жастар

Жақында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен дарынды балалар мен жастарды қолдауға бағытталған “Ел Үміті” атты бағдарламасы аясында жобаға аудан атынан қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен, "Елбасы медалі" иегері атанған 14 оқушыны арнайы қабылдаған болатын.
Міне, сол марапат биігінен көрінген жастардың бірі, өз білімімен дараланған қаладағы №62 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы – Жанерке Алмасбекқызы Қалиева. Сонымен бірге Жанерке Қалиева “Алтын белгіге” үміткер және көптеген білім сайыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген білімді шәкірт. Атап айтсақ, "Конкурстар. Конференциялар. Олимпиадалар" байқауының “Қазақстан тарихы” пәнінен І дәрежелі жеңімпазы, республикалық “Жас ғалым-2017” байқауында ІІ орын және де аудандық жарыстардан да жүлделі орындарды иеленіп, мектеп, аудан мерейін асырып келеді.
Болашақта тек білімді ел ғана қандайда болмасын бәсекелестікке төтеп бере алып, өзін-өзі сақтап қалатыны сөзсіз. «Ел болашағы – білімді ұрпақта». Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Оқушы мектеп табалдырығында жүріп, ұстаз берген білімді бойына сіңіреді, содан нәтиже шығарады. Сапалы білім, саналы тәрбие беру әр ұстаздың алға қойған міндеті болса, өз ісінің білімді, өнегелі азаматы болу – әр оқушының парызы. Осындай білімді оқушыларымыз ұстаз, ата-ана үмітін ақтап, аудан мәртебесін асқақтатып жүргені қуантады. Бүгінгі білімді оқушы – ертеңгі еліміздің жарқын болашағы боларына сенім мол.
Зәуреш ОРЕКЕШОВА,
№62 мектеп-лицейінің мұғалімі