Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі М.Оразбаевтың жалынды жастарға арнаған құттықтауы

Аудан әкімі М.Оразбаевтың жалынды жастарға арнаған құттықтауы

Құрметті жалынды жастар! Баршаңызды бүгінгі 12 тамыз – Халықаралық Жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жастар – қашанда асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Қай елдің болмасын басты капиталы халқы десек, соның ішінде жастар – қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені сөзсіз.
Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен өркендеуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері.Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Себебі, жастарымыздың жаңа белестерге деген ұмтылыстары жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Жастарымыздың осы қасиеттері ескеріліп өткен 2019 жыл – «Жастар жылы» болып аталып өтсе, Мемлекет басшысының шешімімен 2020 жыл – «Волонтер жылы» болып жарияланды. Еріктілер жылында ынталы, ертеңіне сенімді және болашағына байыппен қарайтын, ел дамуына өзіндік үлес қосуда белсенділік танытқандар арасында Жастар қауымының маңызы басым түсті.
Халқымыз ел келешегінің кемел, болашағының жарқын болуын үнемі жастармен байланыстырады. Осы орайда «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін», - деп қазақ зиялыларының арасында жастардың айбаты мен қайратына Мағжан Жұмабаев осылай баға берген еді. Міне, осыдан қанша жыл бұрын айтылған сөз бүгінде әрбір жастың жүрегіне нұр сеуіп, кеудесіне үміт сәулесін ұялатады.
Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы да жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан бір жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгіленуі заңдылық.Бүгінде қоғамның әрбір саласында белсенді жастар жетерлік. Өзінің ауқымды жұмыстарымен, қарқынды қимылдарымен еліміздің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне үлес қосып жүрген жастар біздің өңірімізде де жетіп-артылады. Жастар білімнің биігін бағындырып, әрісі шет елдерде, берісі өңірлерімізде өздерін жалпақ жұртқа көрсетіп жүр. Спортта да, мәдениет-білім сайыстарында да елді әлемге танытып жүргендердің де басым бөлігі жастар. Олардың әрқайсысы өз ортасының көшбасшысы. Олардың әрбірінің қоғамда өзінің орны бар.
Қазіргі таңда өңірімізде 18 мыңнан астам жас бар. Жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіру жолындағы маңызы зор шаралар, спорт және өнер үйірмелері тұрақты жұмыс жасауда. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар да ауданымызда тиісті деңгейде жүзеге асырылуда.
Құрметті жас достар!
Қоғамымыздың тұрақтылығын сақтау, Қазақстан халқының бірлігін нығайту, ұлттық келісімді насихаттау – бүкіл Қазақстан жастарының міндеті. Сондықтан еліміздің əрбір азаматы басты байлығымыз – Тəуелсіз Қазақстан екенін əрдайым естен шығармауы тиіс.
Бүгінде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Елімізде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне айрықша мән берілген. Сіздерге мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер қарастырылып отыр.
Ендеше, аудан жастары мемлекетіміздің өркендеуі мен жарқын болашағы жолында жастық жалынымен, ерік-жігерімен, аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деп сенемін.
Жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсай беріңіздер!Өз мүмкіндіктеріңізді барынша пайдаланып, зор жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерден көрінулеріңізге тілектеспін.Сіздерге зор денсаулық, толағай табыс пен бақ-береке тілеймін!
Құрметпен, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев!






12 тамыз 2020 ж. 4 150 0