Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастардың болашағы жарқын

Жастардың болашағы жарқын

Елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Біздің елімізде жастарға жасалып жатқан қамқорлық көңіл қуантады. Жыл сайын Мемлекет басшысы жастарды назардан тыс қалдырмай, халыққа арнаған Жолдауының бір бағытын жастарға бағыттайды. Биылғы жыл да «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Бұл жыл менің замандастарымды жарқын болашаққа бастар қадам болып отыр.
Мен мектеп қабырғасында жүрген шақтан бастап ерікті жас ретінде қоғамдағы маңызды мәселелерге үн қоса бастадым. Бұл қадамым студент атанған соң да тоқтап қалған емес. 2017 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне менеджмент мамандығына оқуға түстім. Аталған оқу орны Қазақстанның жетекші, көпсалалы жоғары оқу орны болып табылады. Еліміздегі білімі мен білігі жағынан үздік университеттердің көшін бастап тұр. Қазір мұнда 16 факультетте 180-нен астам мамандық бойынша мамандар дайындалады. Студент атанған шақтан бастап білім алумен қатар қоғамдық өмірге де белсенді араласып келемін. Бұл ретте біздің ұстаздарымыз үнемі қолдау көрсетіп, игі іске жұмылдырып жүр. Осы уақытқа дейін университет жанынан арнайы ұйым құрылып, талай мұқтаж жанға қол ұшын беріп, жақсылық жасауға үйретіп келеді. Адам баласын жақсылыққа бастайтын ортасы десек, біздің киелі білім ордасы талай білімді мамандарды түлетумен қатар, оларға тәрбие мен өмірлік сабақ та береді. Мен де аталған университеттің студенті болғанымды мақтана айтқым келеді. Болашақта білімімді одан әрі жетілдіріп, туған жерге қызмет етсем деген жоспарым бар.
Замандас құрбы-құрдастарыма әркез қоғамда болып жатқан мәселеге мән беріп, «маған қатысы жоқ» деген ойдан аулақ болыңдар дегім келеді. Себебі заман – біздікі, ел мен жер – біздікі, сондықтан мұнда жайлы жағдай мен тұрақты ахуал қалыптасу үшін жастар жалынды болу керек. Біз – елдің болашақ тұтқасын ұстар жандармыз.
Жанель Кушжанова,       
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
3 курс студенті
12 ақпан 2020 ж. 4 498 0