БҰҰ Халықаралық сотының 5 судьясы жаңадан сайланды
kaz.inform.kz — Сейсенбі, 3 қараша күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясы Халықаралық соттың (ХС) отставкаға кеткен 5 судьясының орнына бес заңгерді сайлады, деп хабарлайды Xinhua.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Жаңа судьялар қатарында Ұлыбританиядан Дапо Аканде, Франциядан Франсуа Алабрун, Иорданиядан Махмуд Дайфаллах Хмуд, Сингапурдан Рена Ли және Кениядан Фиби Окова бар.
Сайланған бес үміткердің екеуі — Махмуд Дайфаллах Хмуд пен Фиби Окова қазіргі судьялар құрамында болған және қайта сайланды. Олардың барлығы 2027 жылғы 6 ақпаннан бастап 9 жыл қызмет атқарады.
Хмуд пен Окова бұған дейін де бос қалған судья орынына сайланған еді. Хмуд 2025 жылғы мамырда 2027 жылғы 5 ақпанға дейінгі мерзімге тағайындалды. Ол Ливанның премьер-министрі болуына байланысты Халықаралық соттағы қызметінен кеткен Науаф Саламның орнына келді. Ал Окова 2025 жылғы қарашада отставкаға кеткен Сомали өкілі Абдулкави Ахмед Юсуфтың орнына сайланды.
БҰҰ-ның басты сот органы саналатын Халықаралық сот жарғысына сәйкес, судьялар Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеяда жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Үміткер екі органда да дауыстың басым бөлігін жинауы керек. Дауыс беру бір мезгілде, бірақ бөлек өткізіледі.
Биыл түпкілікті шешім қабылдау үшін Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінде үш кезеңнен дауыс беруге тура келді.
Гаага қаласында орналасқан БҰҰ Халықаралық соты 15 судьядан тұрады. Олар 9 жыл мерзімге сайланады. Сот жұмысының сабақтастығын сақтау мақсатында әр үш жыл сайын 5 судья қайта сайланады. Судьялар екінші мерзімге де сайлана алады. Егер судья өкілеттік мерзімі аяқталмай қайтыс болса немесе отставкаға кетсе, оның қалған мерзіміне жаңа судьяны сайлау үшін кезектен тыс дауыс беру өткізіледі.
Халықаралық сот құрамында 15 түрлі мемлекеттің өкілі болуы тиіс.
Айта кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ливияға қолдау көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының мандатын 2027 жылғы 31 қазанға дейін ұзартты.











