Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Маман тапшылығы: кімдер жетіспейді және неге?

Маман тапшылығы: кімдер жетіспейді және неге?

Қазақта «Еңбек – елдің мұраты, еңбекқорлық – ұлттың қуаты» деген тіркес бар. Бұл сөз бүгінгі таңда бұрынғыдан да маңызды естіледі. Өйткені XXI ғасырдағы мемлекеттердің байлығы мұнаймен, газбен немесе пайдалы қазбалармен ғана емес, білікті адам капиталымен өлшенеді. Кімнің кәсіби маманы көп болса, сол елдің экономикасы тұрақты, технологиясы дамыған, әлеуметтік жағдайы берік болады.
Бүгінде әлемнің ең дамыған мемлекеттері де бір мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Ол – білікті маман тапшылығы. Еңбек нарығында мыңдаған бос жұмыс орны болғанымен, оларды атқаратын кәсіби кадрлар жеткіліксіз.
Әлемдік еңбек нарығы
Дүниежүзілік экономикалық форумның Future of Jobs Report 2025 баяндамасына сәйкес, алдағы бес жыл ішінде әлемдік еңбек нарығы бұрын-соңды болмаған өзгеріске ұшырайды. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға дейін 170 миллион жаңа жұмыс орны ашылып, 92 миллион жұмыс орны қысқарады. Соның нәтижесінде әлемде 78 миллион жаңа жұмыс орнының таза өсімі қалыптасады. Сонымен бірге қазіргі қызметтердің шамамен 22 пайызы өзгеріске ұшырайды, ал бүгінгі жұмыс дағдыларының 40 пайызға жуығы жаңаруды қажет етеді деп күтілуде. Осы баяндамада жұмыс берушілердің 63 пайызы кадрлардың біліктілік жетіспеушілігін бизнесті дамытудағы ең үлкен кедергі ретінде атаған. Сарапшылардың есебінше, 2030 жылға қарай әрбір 100 қызметкердің 59-ына қайта даярлау немесе жаңа дағдыны меңгеру қажет болады делінген.
Демек уақыт талабы бізге осыны көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығының ендігі басты капиталы – диплом емес, үнемі жаңарып отыратын білім мен дағды екенін көрсетеді.
Жаһанның жағдайы қалай?
Жұмыссыздық пен кадр тапшылығы тек Қазақстанға ғана емес, дүниежүзі бойынша әркез өзекті мәселеге айналып отырады. Жыл санап емес, күн сайын өзгеріп, дамып келе жатқан технология мен жаңалыққа толы уақытта мемлекет уақыт талабына сай қандай өзгеріске де дайын болуы қажет. Мониторинг жасап, өзектілікті өздерінен бастаған абзал.
Мәселен, әлемдік зерттеулерге сәйкес, алдағы жылдары ең сұранысқа ие салалар ретінде жасанды интеллект және бағдарламалау, киберқауіпсіздік, деректерді талдау, энергетика және жаңартылатын энергия, экологиялық инженерия, медицина, білім беру, құрылыс, логистика, ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтар анықталған. Қызығы, цифрландыру қанша дамығанымен, құрылысшылар, электр мамандары, дәнекерлеушілер, фермерлер мен медицина қызметкерлеріне сұраныс төмендемейді. Керісінше, олардың маңызы арта түседі.
Қиындықтар қалай шешімін табады?
Иә, жаһан жұрты қамсыз жатқан жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай қажетті деп танылған мамандықтар аясында айтарлықтай жұмыс істеліп, кадр даярлау бағытындағы және тәжірибе алмасу мақсатындағы қадамдарды жүйелендірген. Германия бүгінде инженерлер мен медицина қызметкерлерінің жетіспеуінен шетелдік мамандарды тартуға мәжбүр. Ал Жапонияда халықтың қартаюы салдарынан күтім қызметкерлері мен дәрігерлер тапшы. Сондықтан мемлекет роботтандырумен қатар еңбек миграциясын да кеңейтіп отыр. Дамыған елдер қатарындағы Канада, Австралия және Ұлыбритания кәсіби кадрларды арнайы көші-қон бағдарламалары арқылы қабылдайды. Сонымен қатар АҚШ-та дәрігерлер мен медбикелерге, Сингапурда ІТ және инженерия мамандарына, ал Скандинавия елдерінде денсаулық сақтау қызметкерлеріне сұраныс жоғары. Бұл деректер маман тапшылығының жекелеген елдердің ғана емес, бүкіл әлемнің еңбек нарығына әсер етіп отырған жаһандық мәселе екенін дәлелдейді.
Қазақстандағы ахуал
Бұл қиындық Қазақстанды да айналып өтпеді. Ел экономикасында еңбек нарығы теңгерімсіз күйде қалып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда еңбек нарығы қарқынды дамып, жаңа технологиялардың енуіне байланысты көптеген мамандықтарға сұраныс артып келеді. Ел экономикасының дамуы білікті мамандарды қажет етеді. Сондықтан мамандық таңдауда тек қызығушылықты ғана емес, еңбек нарығындағы сұранысты да ескерген жөн. Себебі алдымызда тұрған қос бірдей қиындықты солай ғана еңсере аламыз. Бірі – жұмыс іздеген жастардың көбеюі, екіншісі – өндіріс орындарындағы маман тапшылығы.
Бүгінде ақпараттық технологиялар саласы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып саналады. Бағдарламашылар, веб-әзірлеушілер, мобильді қосымша жасаушылар, киберқауіпсіздік мамандары және жасанды интеллект саласының инженерлері жоғары сұранысқа ие. Цифрландыру үдерісі күшейген сайын бұл мамандардың маңызы арта түсуде.
Сонымен қатар медицина саласының қызметкерлеріне де сұраныс жоғары. Дәрігерлер, медбикелер, фармацевтер және зертхана мамандары халықтың денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Әсіресе ауылдық жерлерде білікті медицина қызметкерлеріне қажеттілік әлі де жоғары.
Инженерлік мамандықтар да еңбек нарығында ерекше орын алады. Құрылыс, энергетика, мұнай-газ, көлік және өндіріс салаларында инженерлердің еңбегі аса қажет. Индустрияның дамуы тәжірибелі әрі жаңашыл инженерлерге деген сұранысты арттыруда.
Білім беру саласында да кәсіби мамандарға қажеттілік сақталуда. Математика, информатика, физика, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері мен арнайы педагогтарға сұраныс жоғары. Сапалы білім беру – елдің болашағын қалыптастыратын маңызды фактор екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Соңғы жылдары логистика, қаржы, маркетинг және кәсіпкерлік салалары да қарқынды дамып келеді. Электрондық сауданың кеңеюі логистерге, ал бизнестің дамуы қаржы мамандары мен маркетологтарға жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Алдын алудың амалы қандай?
Қазақстанда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандардың жетіспеушілігі – өзекті мәселелердің бірі. Бұл қиындықты шешу үшін мемлекет, жоғары оқу орындары мен колледждер бірлесіп түрлі шараларды жүзеге асырып келеді. Негізгі мақсат – еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлау және жастардың жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай жасау.
Мемлекет тарапынан еңбек нарығын дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалар іске асырылуда. Жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік білім беруді жетілдіру және жұмыссыздық деңгейін төмендету – осы бағдарламалардың басты міндеттері. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлініп, өндіріс орындарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Бұл студенттердің теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.
Жоғары оқу орындары мен колледждер де заман талабына сай білім беру бағдарламаларын жаңартуда. Ақпараттық технологиялар, инженерия, медицина, педагогика және ауыл шаруашылығы сияқты сұранысқа ие салалар бойынша жаңа мамандықтар ашылып, оқу бағдарламалары жетілдірілуде. Көптеген оқу орындары заманауи зертханалармен жабдықталып, цифрлық технологияларды кеңінен қолдануда.
Соңғы жылдары дуальды оқыту жүйесі кеңінен енгізіліп келеді. Бұл жүйе арқылы студенттер оқу барысында кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, болашақ мамандығы бойынша нақты жұмыс дағдыларын меңгереді. Нәтижесінде түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі артып, жұмыс берушілерге дайын мамандар ұсынылады.
Сонымен қатар оқу орындары кәсіпорындармен, мемлекеттік мекемелермен және жеке компаниялармен тығыз байланыс орнатып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырады. Мұндай іс-шаралар студенттерге болашақ жұмыс берушілермен танысуға және оқуын аяқтамай тұрып жұмыс табуға мүмкіндік береді. Кәсіптік бағдар беру жұмыстары да күшейтіліп, мектеп оқушыларына еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беріледі.
Аралда қандай кадр керек?
Елдегі мәселені айтып өттік. Ал ауданда қандай қиындық бар? Осы сауалға сұрақ іздеп "Арал ауданының Мансап орталығы" филиалының директоры Жадырасын Алдашевқа хабарластық. Жадырасын Темірханұлының айтуынша:
– Аудан бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар тізімінде дәрігерлер, математика, физика, ағылшын тілі мұғалімдері, инженерлер мен технологтар, дәнекерлеушілер мен токарьлар, электриктер мен механиктер, арнайы техника жүргізушілері бар.
Ал тиісінше аудан көлемінде бастауыш білім, тігінші, дене тәрбиесі пәні мұғалімдері, медбике, фельдшер, мектепке дейінгі тәрбие мамандары өте көп. Жұмыс сұраушылар ретінде тізілгенімен, бос орындар табылмайды, – дейді.
Болашақтың кілті – өмір бойы оқу
Сарапшылардың пікірінше, алдағы онжылдықта бір мамандықты меңгеру жеткіліксіз болады. Әрбір қызметкер бірнеше рет қайта оқып, жаңа технологияларды игеруге мәжбүр болады. Жасанды интеллект көптеген қарапайым операцияларды автоматтандырғанымен, шығармашылық ойлау, шешім қабылдау, коммуникация және жауапкершілік секілді адами қасиеттердің маңызы арта береді.
Түйін. Маман тапшылығы – уақытша қиындық емес, жаһандық экономиканың жаңа шындығы. Қазақстан бұл үдерістен тыс қала алмайды. Сондықтан білім беру жүйесі еңбек нарығымен қатар дамып, жастар нақты сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға бет бұруы тиіс.
Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға – оқу керек, бай болуға – кәсіп керек» деген сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі заманда кәсіптің де қоғамға қажет, елдің дамуына қызмет ететін түрін таңдай білу – әр азаматтың ғана емес, тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін маңызды шешім. Білікті маман – экономиканың қозғаушы күші, ал адам капиталы – Қазақстанның ең қымбат стратегиялық байлығы.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
25 шілде 2026 ж. 107 0