МӘМС аясындағы ПЭТ/КТ: жоғары дәлдіктегі диагностика Қызылордада қолжетімді
Заманауи онкологиялық диагностикадағы «алтын стандарт» енді Қызылорда тұрғындарына да қолжетімді. Позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томографияны біріктіретін (ПЭТ/КТ) зерттеуден пациенттер «Orhun Medical» медициналық орталығында МӘМС жүйесі аясында тегін өте алады.Қызылорда қаласының тұрғыны, төрт кәмелетке толмаған баланың анасы Индира Жүсіпова онкологиялық аурумен табандылықпен күресіп келеді. Ол әр екі ай сайын ПЭТ/КТ-дан бақылау тексеруінен өтеді.
«Маған сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылды, метастаздар бар. Бұл дерт 2023 жылдың қараша айында емханада тексеруден өту барысында анықталды. ПЭТ/КТ-дан тегін өтуге облыстық онкологиялық орталық жолдама береді. Енді осындай медициналық орталықтың Қызылордада ашылғанына қуаныштымын. Бұған дейін ПЭТ/КТ-дан өту үшін Алматыға немесе Астанаға баруға тура келетін. Бұл қосымша шығын мен уақытты қажет етеді. Медициналық қызметкерлерге ілтипаты, ықыласы және жылы қарым-қатынасы үшін алғыс айтамын», - дейді пациент.
ПЭТ/КТ зерттеуінің негізгі мақсаты - ісік үдерістерін анықтау, аурудың таралу деңгейін белгілеу, оның өршу барысын қадағалау және жүргізіліп жатқан емнің тиімділігін бағалау. Бұл әдіс неврология және кардиология салаларында да бірқатар ауруларды диагностикалау және бақылау үшін қолданылады.
Дәрігер-радиолог Еркін Алпысбайдың айтуынша, ағымдағы жылдың ақпан айында ПЭТ/КТ қызметі іске қосылғаннан бері шамамен 500 адам тексеруден өткен.
«Көбінесе сүт безі, жатыр, қалқанша без, асқазан және өкпе обырын анықтап, бақылауда ұстаймыз. Қазіргі уақытта тексерулер аптасына екі рет - сейсенбі және бейсенбі күндері жүргізіледі. Алдағы уақытта қабылдау күндерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бір зерттеудің құны - 330 мың теңге. Медициналық көрсетілімдері және тиісті жолдамасы бар пациенттер диагностикадан МӘМС аясында тегін өтеді», — деді дәрігер.

Жоғары технологиялық диагностиканың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл медициналық орталықта ПЭТ/КТ зерттеулерін жүргізуге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан шамамен 578,4 млн теңге бөлінді.










