Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда диссертация қорғау талаптары күшейтіледі

Қазақстанда диссертация қорғау талаптары күшейтіледі

 alashainasy.kz Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми кадрларды даярлауды жетілдіру және академиялық ортаны жақсарту шаралары жайлы айтты. Шаралардың көп бөлігін Білім және ғылым министрлігі жанындағы жас ғалымдар кеңесі ұсынды, дейді министр. Бұл туралы ол өзінің Facebook парағында толық жазды.
Аймағамбетовтың айтуынша, диссертацияны қорғау үшін қажетті басылымдарға қойылатын талаптарды өзгерту бойынша ҚР БҒМ бұйрығының жобасы дайындалды. ҚР БҒМ №127 бұйрығына сәйкес, докторантқа қорғауға шығу үшін міндетті түрде жеті мақала жариялау керек, бұл ретте сапасы бойынша ерекше талаптар қойылмайды.
"Нәтижесінде басты назар тек сандық көрсеткішке аударылып, мақалалар сапасы күмәнді журналдарда жариялана бастайды. Кейін ғалымдарымыздың мақалалары халықаралық базалардан шығарылған белгісіз бір журналдарда басылып шыққанда таң қалып жатамыз. Әлбетте, қалыптасқан бұл дәстүрді өзгерту керек. Яғни, сұранысқа ие емес "әлсіз" журналдарда мақалалардың көп жариялануына қарағанда, беделді журналдарда сапалы жарияланымдар аз шыққаны жақсырақ деп анық айтуға болады", - дейді ол.
Бұған қоса, диссертациялық кеңес туралы үлгілік ережеге диссертациялық кеңес мүшелеріне қойылатын талаптарды арттыру жөніндегі жаңа норма енгізіледі. Кеңес мүшелерінің кемінде 2/3 бөлігінде Хирш индексі мен рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдарда кемінде үш жарияланым болуы тиіс. Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар үшін бұл көрсеткіштер төмен болады.
Сондай-ақ, магистрлік және докторлық диссертациялар жетекшілеріне қойылатын талаптар да өзгереді.
"Мәселен, егер бүгінгі таңда докторанттан күшті журналдарда жарияланым талап етілсе, онда ғылыми жетекшінің де осындай жарияланымдары болуы тиіс. Қазіргі уақытта іс жүзінде тиісті талаптар жоқ", - дейді министр. 


27 қаңтар 2020 ж. 912 0