Қазақстандық ғалымдар қуаңшылықтан құтылудың жолын тапты
Шығыс Қазақстан облысындағы агрономдар мен ғылыми-қызметкерлер жердің ылғалдығын сақтайтын био-препараттарды тәжірибе ретінде қолдана бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.
Әзірше мамандар дәнді және майлы дақылдардың бірнеше түріне пайдаланып келеді. Био-органикалық негізде жасалған шетелдік жаңа препарат алқапқа жаңбырлату арқылы сумен бірге себіледі. Сабағы мен жапырағына сіңген ылғал өсімдіктің тамырына жиналып ұзақ уақыт сақталады. Бұл кез келген дақылды құрғақшылықтан құтқарады. Өсімдік тамырының жуандап, тереңге кетуіне де септігін тигізеді. Сондай-ақ алқапты аурудан қорғайды. Ғылыми-зерттеу стансасының сарапшылары жаңа препаратты екінші тәжірибеден өткізіп жатыр. Былтыр бидай мен күнбағысқа қолданған. Нәтижесінде кейбір алқаптарда бидайдың түсімі 20 есеге дейін артқан. Ал биыл картопқа бірінші жыл қолданылды.
“Былтыр да біздің өңірде құрғақшылық болды. Бірақ біз егіс алқаптарына құрғашылыққа қарсы био-препаратты қолдандық. Ол өсімдіктің тамыр жүйесін нығайтып, ылғалды ұзақ сақтайды. Осылайша жоспарлағаннан бірнеше есе көп түсім алдық. Бұл жобаны болашақта жетілдіре бермекпіз”, – дейді Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының сарпашысы Ғайнұр Тоқтаров.