Мұғалім мен оқушының қалауы осы
![](/uploads/posts/2021-08/medium/1630321685_malm.jpg)
Бірақ соңғы жылдардағы індеттің салдарынан, өзіміздің, баламыздың қауіпсіздігі үшін мұндай көріністен уақытша тыйылуға тура келді. Бірақ баламыз білімсіз қалды дей алмаймыз. Бүгінгі жаңалықтың орнын ертеңгі күні бірі ауыстырып жататын дамыған мына уақытта жаңаша форматта оқуға мүмкіндік туды. Онлайн форматта білімін толықтырды. Десе де экранға үңілген балаларымыздың күйін көріп, көңіліміз аз да болса түсіп кететін. Ертеңгі күні білімінің тереңдігі қандай болады деп те уайымдайтын күндердің болғаны жасырын емес. Өйткені мектеп бала мен мұғалімнің арасындағы берік байланыстың құралы ғой. Оның үстіне өзара пікірлесіп, бір-бірінің ойын тыңдап, білмегенін жетілдіріп, санасын дамытуға да мүмкіндік беретін бірден-бір орын ол – білім ұясы. Білімнен бөлек тәрбиенің тетігі мен адамдық қасиеттерді бойға сіңіретін киелі жер. Достықтың, балалықтың да бағасын мектептен түсінеді.
Ал мұғалімнің мерейі тіпті бөлек. Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев "Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі" дегендей, балаларымыз да мұғалімнің айтқанын тыңдап, үйреткенін санасына тоқығаннан бөлек, оларды құрметтеуді де үйренеді. Ұстаздардың болмысын көріп, соларға еліктеп өседі. Сол арқылы елдің ертеңі қалыптасады.
Міне, биыл жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайтындығын естіп, қуанып отырамыз. Білімнің нәрін, тәрбиенің балын бала санасына терең сіңіруді адал міндеті деп білген мұғалімдермен қайта қауышқаны – балалардың теңдессіз бақыты. Ұрпағымыз бақытты, елдігіміз мәңгілік болып, білімді жастар көп болсын дегім келеді.
Әлия ҚҰЛМАНОВА,
ата-ана