Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақытқа жету жолы оңай емес

Бақытқа жету жолы оңай емес

Қашан көрсең де жол бойында қолында мүгедек қол арбасы бар келіншекті көріп жанынан мұңая қарап өтемін. Оның әрбір өткен көлікке жаутаңдай қарап баласын таза ауада серуендетуге алып шыққаны белгілі. Алайда бұл бейтаныс жаннан қол арбадағы ару жөнінде сыр суыртпақ болдым.
Айтуына қарағанда жолдасы бір ауылдық жерде ауыл басқармасы болып жұмыс жасайды екен. Үй ертелі-кеш қонақтан арылмайды. Қазан қайнатылып, ет асылып, бала қарауға да шамасы келмей абыр-сабыр болып жатқан кез. Мазасызданған баланы бір мезгіл ойнатар деген оймен үйдің үлкенінің қолына ұстатып есік алдына жібереді. Бұл балаға ол кезде небәрі сегіз ай ғана болатын. Үйдің үлкен деген қызының өзі он екі жасар ғана. Ойын баласы бауырына баланы қысқан күйі бір-бірін қуалап жүгіреді.
Сөйтсе... Қате деген аяқ астында. Екі ортаны айнала жүгіріп жүргенінде аяғы жолда жатқан үлкен тасқа соғып құлайды. Сол сәтте кішкене нәресте ес жимай қалады. Баланың шыңғыра жылаған дауысына ел-жұрт әп-сәтте жиналып қалады.
– Сол кездегі жағдайымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жедел жәрдем шақыртып жатыр. Басынан қан сорғалаған балама қарадым да, ес-түссіз мен де құладым. Баламның жанының қатты ауырғанын сезгендей, өзімнің де екі қара саным сыздап ауырып барады, жаным көзіме көрінді. Есімді жисам, қасымдағыларға түр жоқ. Алладан баламның амандығын тілеп, тек сабыр бере гөр дедім,  – деп көзін тағы сығып алды.    
Бәріне уақыт емші. Дәрігерлер ота жасап,  баланың жанын аман алып қалады. Екі аяқ, сол қолы ештеңені сезбейді. Міне, содан бері он жыл уақыт өтсе де, ананың қолы осы бір арбаға таңылды. Баласын көтеріп мінгізу, көтеріп түсіру жанын қинаса да, балапанын бауырына қысқанды өзіне бақыт санайды. Аяғы ауырып, жүріп-тұруының өзі мұң болса да, олар шаршап-шалдықпайды, мойымайды. Қайнаған тірлікте бала қамын алдыңғы орынға қояды.
Баласы ауруханада жатқанда баласының болашақта ешқандай жеріне зақым келмей, аман қалуын ойлайды. Алайда, бір аяқ, бір қолы жұмыс жасамай қалады. Содан бері арбаға таңулы қызының тағдырына алаңдаулы. Бір жыл бұрын жолдасы жол апатынан қайтып,  қамкөңіл боп жүрген қайсар келіншек тағдырының бұл соққысына төтеп беріп, сабыр сақтайды. Қиындыққа мойымай, оны жеңе білуде адамға ең қажет мінез – осы сабырлылық таныту, шүкіршілік айту екенін ұқты.
Бақыт дегенің – өмір кешу ғой білгенге,
Келуі де оңай,
Кетуі де оңай бір демде…
Мұқағали Мақатевтың  осы бір «Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым»  деген өлеңі дәл осы сәтке арналғандай. Дүние есігін енді ашқан кезеңінде тағдырының осылайша боларын кім білген?! Ертең бұл бала да бойжетер, тағдырдың бұл сынағынан да өтер. Әйтсе де, мына жалған дүниеде оның бақыты қарға адым жерде тұр еді. Сонда да анасы баласының болашағынан зор үміт күтеді. Бар тілегі – баласының аяқтан тұрып жүріп кетуі. 
        Көп адамдар трагедияға жатпайтын ұсақ-түйек мәселелер үшін уақытын жоғалтады, жүйкесін жұқартады. Кейде тіпті өмірден баз кешіп жатады. Керісінше, кейде нағыз қайғылы да қиын  жағдайға тап болған адамдар бар күшін жиып, аяғынан тік тұрады, сабыр сақтап, барлық кедергіден өте алады, жеңе біледі.
        
Иә, ананың балаға деген мейірімі шексіз. Олар жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап, аялай білсе, бұдан асқан бақыт жоқ шығар.  
Күнзипа Зденова
06 қаңтар 2020 ж. 975 0