Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білекті де мыңды жығады

Білекті де мыңды жығады

Гір спорты – адам бойындағы күшті, төзімділікті, ерік-жігер мен табандылықты шыңдайтын спорт түрлерінің бірі. Бұл спорттың тарихы тереңде жатыр. Ертеде жәрмеңкелер мен мерекелік жиындарда ауыр салмақтарды көтеру арқылы күш сынасу дәстүрі болған. Кейіннен бұл жарыстар жүйеленіп, жеке спорт түріне айналды. Бүгінде гір спорты әлемнің көптеген елдерінде кеңінен дамып, халықаралық жарыстар өткізіліп келеді.
         Гір спортының басты ерекшелігі – спортшының тек күшін ғана емес, оның төзімділігі мен техникасын қатар сынайтындығында.
         Қазақстанда гір спорты тәуелсіздік жылдарында қарқынды дамып келеді. Еліміздің спортшылары Азия және әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелер көрсетіп, көк туымызды халықаралық ареналарда желбіретуде.
Міне, бұл қатарда аралдықтардың абыройы аласармай жүргенін мақтанышпен айтуға әбден болады. Оның бір дәлелі жуырда ғана өткен Азия чемпионатының көрсеткіші. Айтылу жарыста атағын айға білегендер арасында жерлестеріміз көпшіліктің назарын өздеріне аударып, жеңімпаздар тізімінен орын тапты.
         Ұзын айналым бойынша Бексұлтан Бақытбекұлы 85 килограмм салмақ дәрежесінде әуесқойлар арасында ІІІ орын еншілесе, Мұрат Махамбетов 85 килограммдағы ардагерлер арасында ІІ орынды жеңіп алды. +85 салмақ дәрежесіндегі ардагерлер және әуесқойлар арасында сынға түскен Талғат ІІІ орынға лайық деп танылса, 68 килодағы ардагерлер қатарында бақ сынасқан Қарлығаш Жұмағұлова қарсылас шақ келтірмей І орын иеленіп, алтыннан алқа тақты.
Жүлдегер спортшыларымыз жарыстың келесі күні де медальдан кенже қалмады. Серпе көтеру бағдарламасы бойынша Б.Бақытбекұлы І орын, М.Махамбетов І орын, жұлқа көтеруде М.Махамбетов ІІ орын, Қ.Жұмағұлова І орынға тұрақтаса, көпсайыс қорытындысымен Б.Бақытбекұлы жеңімпаз атанып, қоржынымыздағы алтындар санын арттырды.
         Қолдау қажет-ақ.
         Иә, абырой асып, мерейіміз тасып-ақ жатыр. Қос-қостан алтынмен апталып, күміспен күптеліп, қанжығаны қоламен майлаған осы спортшылардың есімін айтып ауыз толтырамыз. Ал оларға жасалған жағдай мен көңіл бөлу деңгейі ше? Осы жағын да ойлай кетсек артық болмас еді. Себебі Азияны аузына қаратқан аралдықтардың жеңісімен құттықтап, алдағы жоспарларын сұраған сәтте гір спортынан жаттықтырушы, алтын "аулаушылардың" бапкері Қайрат Разақов:
         – Біздің спортшылар облыс, республика, Азия мен Әлем чемпионаттарында жүлдесіз қалып көрген емес. Жекелей де, топтық есепте де жеңімпаз атанып, спорттағы жетістіктерді арттырып келеді. Алайда бір сұрауымыз оларға жасалған жағдайдың сын көтермейтіндігінде болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, біздің дайындық залымыз ескі ғимаратта әрі талапқа сай келмейді. Аядай бөлмеге 10 шақты адам кірсе, тіпті дем алу мүмкін болмай қалады. Бірақ қарап жатқан жоқпыз, жұмыс істеп келеміз. Нәтижесі көз алдарыңызда. Осындай жетістікке жете отырып, өзімізді көрсетіп, түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырғымыз келеді. Алайда тағы осы мәселе алдымыздан шығады. Талай рет далада жарыс ұйымдастырған кезіміз болды. Соңғысы – 10 күн бұрын ғана балалар күніне орай өткен жарыс. Аймаққа қарасты аудандардан келген спортшылар күннің ыстығы мен бораған топырақтың астында өнер көрсетуге мәжбүр болды. Осындай сәтте қынжылатынымыз жасырын емес, – деп ағынан жарылды.
         Анығында қолдау керек. Бір ғана мысал айта кетейік. Түркістан облысы Шардара ауданында «ArmSport» деп аталатын спорт кешені бар. Онда қол күресімен кәсіби айналысуға жағдай жасалған. 2023 жылдың өзінде осы кешенде жаттыққан спортшылардың арасынан 102 әлем чемпионы шығыпты. Олардың арасында қол күресінен 26 дүркін әлем чемпионы атанған америкалық Джон Брзенкті жеңіп, талай қазақстандықтардың кумиріне айналған Қыдырғали Оңғарбаев бар. Кім білсін, қолайлы жағдай жасалса бізден де талай кумир шығар ма еді... Біздің тілегіміз білекті де мыңды жығатынын дәлелдеп жүрген спортшыларымыздың көп болуы.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
13 маусым 2026 ж. 34 0