Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін елімізде Спорт күні

Бүгін елімізде Спорт күні

Бүгін – тамыз айының үшінші жексенбісі елімізде Спорт күні.

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Қадірлі спорт сүйер қауым! Құрметті спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Бүгін – тамыз айының үшінші жексенбісі елімізде Спорт күні. Спорттың адам өмірінде алар орны ерекше. «Тәні саудың – жаны сау» деп халқымыз бекерге айтпаса керек. Бұл – әсемдік, сергектік, күш-жігер, алға ұмтылыс, жеңіске деген құштарлықтың мерекесі. Кез келген адам денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті, күш-қайраты мол болуы үшін спортпен айналысса, өз мақсатына жете алады. Сондықтан да біздің алдымызға бұқаралық спортпен айналысатын қазақстандықтардың үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Бұл міндет облыста нәтижелі орындалып, бүгінгі күні дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 254 101 адамға көбейіп, 31,3 пайызға жетіп отыр. Өңірде спорт ғимараттарының жүйесі де кеңейе түсуде, - деп атап өтті әкім.Қашанда ел Туын әлемдік аренада желбіретіп, абыройымызды асқақтатып, беделімізді биіктететін спорт саңлақтары екені баршаға мәлім. Биыл облыс спортшылары Қазақстан чемпионаттарында 700 жүлде иеленсе, Әлем, Азия біріншіліктерінде қоржынға 46 жүлде салды. Осы тамыз айында Токиода өткен ХХХІІ жазғы олимпиада ойындарын біз телеарналар, әлеуметтік желілер арқылы тамашалап, жанкүйер болдық. Олимпиадаға қатысқан әрбір спортшы өз бағыты бойынша жеңімпаз екені белгілі. Даналарымыз «Бақ шаба ма, бақ шаба ма» демей ме. Елімізден қатысқан спортшылардың 8-і қола жүлде иеленді, - деп атап өтті ол.Байрақты бәсекеге Сыр елінен үш спортшы: бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбеков және каратэ-додан Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай қатысып, ел намысын абыроймен қорғады. Бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек батырымыз Президентіміздің қолынан қазақ елінің Көк байрағын алып, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Бұл - біз үшін үлкен мақтаныш! Құрметті спортшылар, сала мамандары! Сыр спортының мәртебесін көтеруге қосқан үлестеріңіз үшін баршаңызға Сыр жұртшылығы атынан ерекше алғысымды білдіремін. Спорттағы жетістігіміз бен жеңісіміз азаймасын! Алдағы дүбірлі додаларда жүлделі орындардан көріне беріңіздер! Кәсіби мерекелеріңіз – Спорт күні құтты болсын! Сыр спорты жасай берсін!, - деп құттықтауын жолдады облыс басшысы.
Әбдіқалықованың сөзінше, биыл облыс спортшылары Қазақстан чемпионаттарында 700 жүлде иеленсе, Әлем, Азия біріншіліктерінде қоржынға 46 жүлде салды.Ол байрақты бәсекеге Сыр елінен барған спортшылар туралы айтып өтті.

baq.kz
15 тамыз 2021 ж. 852 0