Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт болмысының тірегі

Ұлт болмысының тірегі

Ұлттық спорттық ойындар – халықтың өмір салтына негізделген, күш пен ептілікті, батылдық пен төзімділікті шыңдайтын ерекше құндылық. Мұндай ойындар жастарды батылдыққа, ұйымшылдыққа, әділдікке тәрбиелеп ғана қоймай, денсаулығын нығайтады және де ой-өрісін дамытады.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының 2025 жылға арналған бұқаралық спорттық іс-шаралар күнтізбелік жоспарына сәйкес, 18-22 тамыз аралығында Қызылорда қаласында ауыл спортшыларының дәстүрлі «Алтын күз – 2025» XXXVIII облыстық спартакиадасы және «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорты ойындарына іріктеу жарысы ұйымдастырылып жатқаны белгілі.
Бұл дода «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» және Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл мерекелеріне орай өткізілді. Спартакиада барысында спорттың бірнеше түрінен жарыстар өткізіліп, аудан спортшылары өз күштерін дәлелдей түсті.
– Халқымыздың тұрмысында аса маңызды орын алған дәстүрлі ойындардың бірі – бес асық. Атаулы ойын түрі адамның ойлау қабілетін дамытатын, ептілік пен дәлдікті қажет ететін ұлттық спорттық ойын. Бүгінде бес асық ресми түрде спорт түріне айналып, түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып жүр. Бұл дүбірлі додадағы бес асық спорт түрі бойынша барлығы 7 аудан қатысты. Арал ауданынан командада 3 адам болдық. Атап өтер болсам, мен Айғаным Жансүгірова, Айнұр Нағашыбаева және Сымбат Сайлауова. Біз бұл спорт түрінен командалық есепте І орын иелендік. Халқымыздың көнеден келе жатқан төл ойынын келешек жастар да ұмытпауы қажет. Бұл – ұлттық мәдениетті сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды жолдарының бірі, – деді команда мүшесі Айғаным Жансүгірова.
Жарыс қорытындысы бойынша аудан құрама командасы ұлттық спорт түрлерінен оң нәтижелерге қол жеткізді. Асық ату спортынан командалық есепте жүлделі II орын, бес асық спортынан командалық есепте жүлделі I орын иеленді.
А.НҰРЛАНОВА
23 тамыз 2025 ж. 130 0