Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тілегі ескеріледі

Ел тілегі ескеріледі

Мен көп балалы анамын. Бір кездері үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек алдым. Сол сәттерде ата-ана ретінде қуанғаным рас. Әйтпесе бұл кезге дейін балаларыма үкіметтен берілетін жәрдемақы дымға жетпейтін. Өзім де жұмыссызбын. Бірақ мен үшін алты баланы бағудың өзі үлкен жұмыс қой. Алла қаласа жолдасым екеуміз жетінші баламызды күтіп жүрміз. Тәңір жазса ол күнге де жетеміз деген ойдамыз.
Соңғы уақытта елімізде аналар қауымы көптеген әлеуметтік мәселелерді көтеріп, билікке біршама талаптарын қойғанын жақсы білеміз. Елдегі болып жатқан әлеуметтік жағдайды ескерген Елбасы Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде жәрдемақы мен жалақыға қатысты көп көңіліне қонымды мәлімдеме жасады. Бұл сәтте менің ғана емес барша әйелдер қауымы қуанғаны рас. Елінің бақытты болғанын көргісі келетін Елбасы бұл жолы үлкен тарихи шешім қабылдап отыр. Бұл біз секілді аналарға үлкен қолдау деп білеміз. Елбасы: «Кірісі аз отбасылар арасында 111 мың ғана отбасы атаулы көмек алады екен. Көп балалардың жәрдемақысын әрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізуды тапсырамын»-деді.
Иә, баланы байлық деп білетін көп балалы отбасылардың айы оңынан туатын күн де алыс емес. Бұл бір жағынан еліміздегі демографияның өсіміне де ерекше әсер етпек. Бастысы біз бақытты отбасылар қатарында болуымызға жағдай жасалмақ. Мемлекет соған бар мүмкіндікті қарастыратынына сенімім мол.
Г.Мижанова,
Арал қаласының тұрғыны,
27 ақпан 2019 ж. 1 167 0