Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Төс тартудың төркіні неде?

Төс тартудың төркіні неде?

Қазақ халқының ертеден қалыптасқан мызғымас салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бар. Қарап отырсақ, бала өмірге келген сәттен бастап жасалатын әрбір жөн-жоралғының астарында терең философиялық мағына жатыр. Соның ішінде халқымыз күйеу баланы құрметтеп, төс тартады. Көбіміз күйеу балаға төс тартып ақша салғызып мырзалығын сынға алғанымызбен, шын мәнінде мұның астарында қандай мағына жатқандығын біле бермейміз. 
Н. БАҚЫРАДИН
 
Біз қонағы асықпаса ет асатын, қона жатса қой соятын халықтың ұрпағымыз. Келген мейманымызға шама-шарқымызға қарай сый-құрмет көрсетуге тырысамыз. Әлбетте, сол сыйлы қонақтардың қатарында күйеу бала да бар. «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп жататыны сондықтан болар. Әр шаңырақта күйеу балаға арнап төс сақтайды. Қысқасы, санамызға сіңіп қалған әдет болған соң ба, әйтеуір «төс – күйеу баланікі» екенін жақсы білеміз. Бірде туыс қайын сіңлімді ұзаттық. Сондағы күйеу балаға төс тарту кәдесі маған бұйырды. Мұның астарында не жатқанын білмесем де, өзімше мәз болдым. Содан Еркежанға (қайын сіңлім) әңгіме барысында: «күйеу балаға айт, қалтасын қомпайта келсін, ертең төсті мен тартамын», – дедім.
Салт-дәстүрдің көп қырын түсіне бермейтін Еркежан: «төс деген не, оны не үшін жігітке береді?» – деп сұрады. Шынымды айтсам, осы кезде қалай жауап қайтаратынымды білмей сасқалақтап қалдым. Сосын «оны сол кезде айтып беремін» дедім.
Ал енді мұның астарын іздеп «бір білсе, сол кісі білер» деген оймен әулеттегі үлкен әжеме бардым.  Жасы жетпістен асып, құбылаға қарап бой түзеген ана сұрағыма еш кідірмей жауап бергенде іштей «қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген осы екен ғой деп сүйсіндім. Әжемнің айтуынша, төс тартудың мағынасы – күйеу балаға төс екі қабырғалы елді төспен біріктіргендей сіңімді болсын дегенді білдіретін көрінеді. Одан бөлек, күйеу бала төс секілді майлы болсын, туған-туысына жайлы болсын деген ойдан туған екен. Мұнан әрі әжем мысал ретінде «Ер Төстік» ертегісін еске түсірді. Ерназар деген байдың сегіз ұлы жұт жылы қалың жылқысымен бірге ығып кетіп, сол күйі оралмай жоғалады. Күні кеше байлығы тасыған Ерназар әп-сәтте кедейленіп, тіпті ішер асқа зар болып қалады. Ашыққаны сондай, кемпірі екеуі орнынан тұруға әлдері жетпейді. Сонда дымы құрып, шалқасынан жатқан шалдың көзі шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігіне түспеуші ме еді. Сол төстікті асып жеген шал әл жинап орнынан тұрады. Содан ұзамай кемпірі жүкті болады. Мезгілі жеткенде кемпір ұл туып, оның атын Төстік қойды. Осы сюжет қиялдан туғандай көрінгенімен, мұнда үлкен мән жатыр. Шаңырақта керулі тұрған басқа жілік емес, дәл осы малдың төсі болуы тегін емес. Майлы малдың төс етінің ерлер үшін емдік қасиеті де бар болып шықты. Бүкіл қабырғаның түйіскен жері – майлы төс етінде қуық асты безіне қуат беретін нәрлік қасиеті бар. Осыны бұрынғы ата-бабаларымыз білген. Білгендіктен де қызын алғалы отырған күйеу бала қуатты болсын деген ізгі ниетпен төс тартқан. Қуатты еркек – шаңырақтың шегесі.
Төс тарту – күйеу баладан ақша алу емес. Оның мәнісі тым тереңде жатыр. Қазақ күйеу баланы өз баласындай жанына жақын тартқан. Қызының бағының баянды болуына, шаңырағының шайқалмауына, бесігінің мәңгі тербелуіне, ана атанып, әлди айтуына, міне, осы төстің тигізер ықпалын ескеріп, арнайы тартатын болған. Төс майлы болады. Соған қарамастан жүрекке тимейді. Қызымызға, қайын жұртына, жалпы ұрпағына төс секілді майлы, сөздері көңілге тимейтіндей жұмсақ болсын деп те ырымдаған. Ал төске ақша алу – салт. Мұнан шынында да күйеудің қолының ашықтығы не сараңдығы байқалады. 
Қыз ұзату тойында өз еншіме бұйырған жоралғыны жасап, жаңа табалдырық аттаған күйеу балаға төс тарттым. Қарасам, жас жігіт оның майлылығына ауыз батыра алмай, кірпияз көзбен қарап отыр екен. Содан сол жерде өзім білген ақпаратты жайып салып, оны ыстықтай жесең денсаулыққа қуат болатындығын айтып едім, күйеу баланың ойы өзгеріп, төске тәбеті ашылды. Міне, қазақтың әр жоралғысының астарында осындай керемет мән-мағына жатыр.
29 желтоқсан 2019 ж. 14 285 0