Қызылордада Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен шараға Өңірлік кеңес пен облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, «Amanat» партиясының аймақтық филиал және облыстық әкімдік өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов орталықтың ашылу салтанатына келген қонақтарды Палатаның сүйемелдеуімен мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібін ашқан қыз-келіншектердің өнімдеріне арналған шағын көрмемен таныстырды.
Айта кету керек, осы күні Қазақстанның 14 өңірінде Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық қоры», ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жұмысын бастады.
Алғаш рет пилоттық жоба ретінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы 2021 жылы Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстарында ашылған болатын.
![](/uploads/posts/2022-03/medium/1647341884_11.jpg)
Бастама Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады.
«Азия Даму Банкі гендерлік теңдікті ілгерілетуге және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге үлкен көңіл бөледі. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарын құру кәсіпкер әйелдерге жаңа мүмкіндіктер беріп қана қоймай, өз өңірі мен елінің дамуына қомақты үлес қосуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деп атап өттіі Азия Даму Банкі жобаларының үйлестірушісі Арыстан Ғалиев.
![](/uploads/posts/2022-03/medium/1647342099_10.jpg)
«Орталықтар әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, оқыту, кооперация және қажетті құзыреттерді қалыптастыру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары шеңберінде жеңілдікпен несиелер мен гранттар беруге, әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, әйелдер мен олардың ұйымдары өндірген тауарлар мен қызметтерді өткізу нарықтарын дамытуға ықпал етуге бағытталған», – деді шарада «Атамекен» ҰКП Өңірлік даму департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.
Атап өту керек, Қызылорда облысында 5 жылда 5961 қыз-келіншек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, біліктілігін көтерген. Оның 3089-ы бүгінде жеке кәсібімен айналысып жатыр.
Өткен жылы өңірде 3707 азамат кәсіпкерлікке қатысты Палата кеңесшілерінен кеңес алған болса, оның 1874-і әйелдер.
Былтыр Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері бизнеспен айналысып жүрген 930 кәсіпкерге сервистік қызметтер көрсеткен. Атап айтқанда, бухгалтерлік, салықтық есептерін тапсырып берген, бизнес жоспарларын әзірлеп, құқықтық қызмет көрсеткен. Қызмет алған кәсіпкерлердің 48,3 пайызы қыз-келіншектер.
Жыл басталған екі айдан 183 әйел кәсіппен айналыссам деген ниеттерін білдіріп, Палатадан кеңес алған. 67 кәсіпкер қыз-келіншекке сервистік қызмет көрсетілген.
Аймақта кәсіппен айналысамын деген қыз-келіншектер Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығынан кеңес ала алады. Мекен-жайы: Қызылорда қ., Қорқытата көш.,123, 1-қабат («Бизнеске арналған Үкімет» ғимараты), 8/7242/400202. Кеңесші: Нұрханова Жадыра Мейрамбеккызы, 8 705 116 19 10 (whatsapp).
![](/uploads/posts/2022-03/medium/1647341980_13.jpg)
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі