Қызылордалық дәрігерлер өт жолына күрделі отаны алғаш рет жасады
Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері 75 жастағы азаматшаның өт жолына екі кезеңнен тұратын күрделі отаны тұңғыш рет жасады.
Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы №2 бөлімшесіне 1948 жылы дүниеге келген азаматша жедел түрде «Механикалық, ауыр дәрежесі» диагнозымен жатқызылған. Дәрігерлер науқасқа екі кезеңнен тұратын ота жасау туралы ұйғарымға келді. Алғашқысы, тері бауыр арқылы жалпы өт жолын дренирлеу болса, екіншісі жалпы өт жолын антеградты стенттеу отасы еді.
Отаны аурухана директорының хирургия қызметі жөніндегі орынбасары Ербол Серікұлы мен хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әсет Жалмағанбетов жасады.
«Отада науқаста ұйқы безінің басындағы ісігі диагнозы сарғаю расталып, ауруханада 1 рет жалпы өт жолын антеградты стенттеу отасы жасалды. Өттің өт жолымен ішекке келіп түсетін жерінде ұйқы безінің басында ісік бар. Сол ісік салдарынан өт жолының төменгі бөлігі қысылған. Сондықтан өт ішекке түспей тұрғаны белгілі болды. Қазір сол жерге тері бауыр арқылы жалпы өт жолына қойылған дренаж арқылы стент қойылды. Үш күннен соң бақылау фистулография зерттеуі жасалды. Стент өз жұмысын толық атқарып тұр. Бұл ота облыстық аурухананың хирургия бөлімінде тұңғыш рет жасалды. Бірнеше жыл бойы аталған ота түрін енгізу жоспарда жүрген еді. Аурухана басшылығына А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми-хирургия орталығында мол тәжірибе жинаған білікті хирургтер Жасұлан Баймаханов пен хирургия жөніндегі орынбасары Ербол Серікұлы келген соң ол ойымыз жүзеге асты», – дейді Әсет Жалмағанбетов.
Дәрігердің айтуынша, антеградты жалпы өт жолын дренирлеу «Ұйқы безі басы ісігі. Механикалық сарғаю ауыр дәрежесі», «Үлкен емізікше ісігі. Механикалық сарғаю, ауыр дәрежесі» сияқты диагноз қойылған науқастарға ота екі кезеңде жасалады.
Жоғарыда аталған диагноздарда ісік жалпы өт жолының төменгі бөлігін қысып, өттің ішекке түсуіне кедергі болады. Бұл отаның негізгі мақсаты – жалпы өт жолын ісік арқылы өтіп, сол жерге стент қойып, өттің ішекке түсетін жолын ашу, науқас өмірінің сапасын арттыру. Бұл ота түрі егде жастағы науқастарға, қосымша сырқаттарына байланысты жалпы наркозбен жасалатын көлемді оталарды көтере алмайтын науқастарға ең тиімді ота түрі болып есептеледі.
syrboyi.kz
Сурет: kaz.inform.kz