Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » INNOFEST: ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖАСТАР 24 САҒАТ ІШІНДЕ 250-ГЕ ЖУЫҚ ЖОБАНЫ ІСКЕ АСЫРДЫ

INNOFEST: ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖАСТАР 24 САҒАТ ІШІНДЕ 250-ГЕ ЖУЫҚ ЖОБАНЫ ІСКЕ АСЫРДЫ

Облыс әкімінің қолдауымен өткен INNOFEST байқауына 2500 жас ниет білдіріп, 250-ге жуық команда қатысты.
Фестивальге аймақ жастарынан бөлек Астана, Түркістан, Байқоңыр қалаларынан келген қатысушылар «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» бағыттары бойынша жобаларын қорғады.
Inno.Fest» Qyzylorda – 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін ІТ саласында жоба жасауды мақсат ететін іс-шара.  
Фестивальдің негізгі мақсаты – аймақ дамуына қажетті жаңа инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді шығару.
Байқауда жастар цифрлы сабақ жоспары, телефон алаяқтары, смарт туризм, сөйлейтін әліппе сынды бірнеше жобалар ұсынды.
Шараға облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров қатысып, аймақ басшысының ІТ саланың дамуына үлес қосып жүрген жастарға әрдайым қолдау білдіретінін тілге тиек етті.
“Дәл қазір біздің нарыққа креативті индустрияны қалыптастыратын азаматтар өте керек. Оның ішінде ІТ саласы ерекше маңызға ие!
Жасанды интеллект бағытына деген сұраныс бар кезде біз үшін білікті де білімді жастардың жаңа жобалары әркез өзекті.
Жақында ғана облыс әкімінің қолдауымен Қызылордада Сеул ғылым және технологиялар университетінің
жасанды интеллект және жоғары математика мектебі ашылды.
Келешекте біздің жастар жасанды интеллект саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, Кореяда білімін жетілдіруге мүмкіндік алады.
Биыл Иннофест тарихында алғаш рет –
Астана ІТ университетінің гранты табысталады. Бұл – жастар үшін айрықша қолдау!”  - деді Е. Бәкіров.
Фестивальде ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен спикерлер шақырылып, олар жастармен шеберлік сағаттар өткізіп, идеяларды бірлесе талқылады.
Фестиваль аясында 9 жоба үздік деп танылды. Оларға жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді. Әр жеңімпаз командаға І орын - 500 000 теңге, ІІ орын - 300 000 теңге, ІІІ орын - 200 000 теңгенің қаржылай сертификаттары табысталды.
Сондай-ақ, ерекше жобаларымен көзге түскен қатысушыларға республикалық жоғары оқу орындарының 10 оқу гранты табысталды.
Байқаудың ең жас қатысушысы 6 жасар Нұрадинов Нұрзерекке және ең үлкен қатысушы 60 жастағы Cаматов Мавлютханға арнайы сыйлық табыс етілді.
Айта кетсек, биыл фестиваль 4-ші рет өткізілді. 4 жыл ішінде 9 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, өз жобаларын ұсынды.
Байқауды Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторы ұйымдастырды.

Қызылорда облыстық Өңірлік Коммуникациялар қызметі 
Сурет: Қызылорда облыстық Өңірлік Коммуникациялар қызметі 
10 желтоқсан 2023 ж. 258 0