Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 қыркүйекке дейін 20 жайлы мектеп ашылады

1 қыркүйекке дейін 20 жайлы мектеп ашылады

Бүгінгі Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы талқыланды. Жиында сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев күрделі жөндеуден кейін ашылатын білім ұясы мен 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілетін жайлы мектептердің дайындық деңгейін баяндады.

Бүгінгі таңда республика бойынша 7 859 мектеп жұмыс істейді, оның 6 387-сінің материалдық-базалық жағдайы жақсы деп бағаланған. Жамбыл, Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында 1290 мектеп күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталды.

Сонымен қатар 280 мектепте жайлы оқу жағдайын жасау үшін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 222 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары оқу жылының басына дейін аяқталады.

Кестеден артта қалу қаупі Қарағанды, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында қосымша 15 объект бойынша анықталып отыр.

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен білім беру нысандары бойынша қалпына келтіру жұмыстары да жалғасып жатыр.

«Ауқымды су тасқыны салдарынан барлығы 40 білім беру нысаны зардап шекті. Бүгінгі таңда 5 нысан бойынша қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. 16 нысан бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», деді Ғани Бейсембаев.

Ал 1 қыркүйекке дейін 20 жайлы мектеп ашылады.

«Биылғы 20 тамызға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында алғаш рет 20 мектеп іске қосылады. 2024 жылы 536 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл шаралар 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептердің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің кешігуіне жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет», – деді министр.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: ашық дереккөз
06 тамыз 2024 ж. 105 0