Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесінде Қазалы ауданында "Руханият орталығы" ашылды

Облыс әкімі жиналған қауымды Жеңістің 80 жылдығымен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Баршаңызды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Біз ержүрек батыр бабаларымыздың алдында мәңгі қарыздармыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет», – деген болатын. Өткен 2024 жылы өңірімізде «Руханият жылы» жарияланып, мәдени-көпшілік шаралармен бірге ауқымды жобаларды жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да Сыр мәдениеті мен руханиятын қолдау жалғаса береді.
Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы құрылтайдың келесі V отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Өздеріңізге белгілі, өңірімізде барлық 7 ауданда «Руханият орталықтары» салынды. Бұл жерде ұлтымыздың құндылықтары дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз кеңінен насихатталады. Бүгін өздеріңізбен бірге Қазалы ауданындағы «Руханият орталығын» ел игілігіне табыстаудамыз. Жаңа ғимараттағы бастамалар рухани қазынамызды толықтырып, халқымыздың өміріне қуаныш сыйласын!», – деді Н. Нәлібаев.
Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа нысанның құрылысына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов құттықтау лебізін жеткізіп, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов батасын берді.
Айта кетейік, «Руханият орталығының» ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар.
«Руханият орталықтары» түрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа біріктіру арқылы бюджет қаражатын үнемдеуге, әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Дегенмен қаржы үнемдеуден де маңызды мақсат бар, ол – ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақ бойына өзі туып-өскен өңір тарихы мен ұлт руханиятын сіңіру. Әртүрлі әлеуметтік топтардың қарым-қатынасы мен ықпалдастығын, ұрпақтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту, сабақтастықты сақтау. Бір орталықта еңбек ететін жастарды, ардагерлер мен ақ жаулықты аналарды, мәдени мекемелерді ортақ іске жұмылдыру.
Осында өтетін іс-шараларға қатысқан оқушылар мен жастар бейбітшілік, келісім және өзара түсіністік құндылықтарын, мәдени, діни дәстүрлерді құрметтеуді үйренсе, «Руханият орталықтарының» көздеген мақсаты орындалғаны.
Соңғы жылдары Сыр өңірінде құрылыс қарқынды жүруде. «Анаға тағзым», Отбасы орталығы, көпфункционалды 1000 орындық Өнер орталығы, «Самұрық қазына» қорымен бірге Үстел теннисі орталығы, «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы салынып, ел игілігіне табысталды. Жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталып, Жыраулар үйі жұмысын бастады.
Кеше ғана облыс орталығынан бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған Шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі салынуда. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ қолдауымен жаңадан «Достық үйі» бой көтеруде.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі