Қазақстанда көліктер саны күрт өсті

2025 жылдың мамырында Қазақстанда 128,1 мың автокөлік тіркелген, бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 15 пайызға артық. Жаңадан тіркелген көліктердің басым бөлігін – 113 мыңын жеңіл автокөліктер құрайды.
Сонымен қатар, мамырда Қазақстан жолдарына:
- 8 мың жүк көлігі;
- 1,4 мың автобус шыққан.
- Бүгінде Қазақстанда 20,33 миллион адам тұрады. Жалпы 6,3 миллион автокөлікті ескерсек, әрбір үшінші қазақстандық көлік иесі деген сөз.
Электромобильдер көбейді
Экологиялық таза көліктерге деген қызығушылық та артып келеді: 2024 жылдың мамырымен салыстырғанда тіркелген электромобильдер саны 66,9 пайызға көбейген.
Отын түрлері бойынша өсім: - бензинмен жүретін көліктер – 15,3 пайыз;
- дизельмен – 13,9 пайыз;
- газбен – 36,2 пайыз;
- аралас отынмен – 9,3 пайызға артты.
4 айда 500 мыңнан аса көлік
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 1 ақпанда автокөлік саны былтырғы ақпанымен салыстырғанда 7,6 пайызға өскен.
2025 жылғы 1 ақпанға дейін Қазақстанда тіркелген көліктер саны – 5 775 499:- жеңіл көліктер – 5 068 227;
- жүк көліктері – 570 779;
- автобустар – 116 493.
- Төрт айдың ішінде еліміздің автопаркі 526 987 көлікпен толыққан.
Алматы мен Астанада көлік тым көп
Алматыда көлік саны былтыр-ақ шекті деңгейге жеткен. Күн сайын қала жолдарына бір миллионға дейін көлік шығады, оның 600 мыңы – Алматыда тіркелген, ал 400 мыңы – облыстан келетіндер.
Сол кезде көлік саласының сарапшылары "ақылы тұрақтарды кеңейтіп, қала ішінде қозғалысты шектеу" ұсынысын жасаған. Олардың пікірінше, бұл жол қозғалысындағы жүктемені азайтып, мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартуы тиіс болатын.