Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады

Аймақ басшысы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға барды.
Алдымен «Қорқыт Ата әуежайының»  жаңа терминалында болды. Бүгінде әуежайдың өткізу қабілеті 7 есе ұлғайып, мұнда жылына 2 млн жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Жаңа терминал IATA және ICAO халықаралық стандарттарына сай келеді.
Әрі қарай аймақ басшысы Сырдария ауданының «Бесарық» ауылына барып,ең алдымен мектеп, дәрігерлік амбулатория және спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Мұнан бөлек,«Ауыл аманаты»бағдарламасының орындалу барысын көрді. «Абай Дәулет» ЖШС ұйымдастырған алаңда ауыл тұрғындарының 13 бизнес-жобасы жүзеге асуда. Мұнда жартылай фабрикаттар, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдары, тоқыма, кондитерлік өнімдер, сабын және басқа да тауарлар шығаратын цехтар жұмыс істейді.
"Бесарықта" жастарды отансүйгіштік пен ізгілікке тәрбиелеуге арналған «Адал адам» тұжырымдамасы енгізілген. Балаларға түрлі үйірмелер ұсынылып, шығармашылық ұжым құрылды.
Келесі бағыт – жаңа жылу-электр орталығының құрылыс алаңы. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған нысанға түркиялық «Акса энерджи» компаниясы 137 млрд теңгеден астам инвестиция құйды. Жоба бойынша екі газтурбиналық қондырғы, 95 МВт-тық бу турбинасы, екі бу және төрт жылу қазандығы орнатылады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70%-ы аяқталған. Сонымен қатар бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Құрылыс алаңында 1200-ден астам жұмысшы еңбек етуде, олардың көпшілігі жергілікті тұрғындар.
Жылу-электр орталығын осы жылдың IV тоқсанында іске қосу жоспарланған. Алдымен 1 газ турбиналық қондырғы мен 2 жылу қазандығы пайдалануға берілсе, қалғаны 2026 жылы қосылады. Жоба іске асқанда өңірдің энергетикалық әлеуеті артады.
Аралау кезінде Желтоқсан көшесі бойындағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары да тексерілді. Мұнда «Қызылорда қаласында ТК-28-ден ТК-38-ге дейінгі магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аяқталған соң 15 мың абонент, 49 көпқабатты тұрғын үй және 22 әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтылады. Құрылыс жұмыстары тамыз-қазан айлары аралығында жүргізіледі.
Сонымен қатар аймақ басшысы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясының, физика-математика мектеп-интернатының жұмысымен танысты.
Одан кейін сол жағалаудағы шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылыс барысын тексерді.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
24 тамыз 2025 ж. 170 0