Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Солтүстік Арал жобасының екінші кезеңіне де қаржы сырттан тартылады — Үкімет отырысы

Солтүстік Арал жобасының екінші кезеңіне де қаржы сырттан тартылады — Үкімет отырысы

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрлігіне Солтүстік Арал жобасының екінші кезеңіне сырттан қаражат табуды тапсырды.
— Арал теңізінің мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Су ресурстары министрлігі осы жылдың 30-шы маусымына дейін Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін дайындауды аяқтап, жыл соңына дейін қаржыландыру мәселесін, оның ішінде халықаралық ұйымдар есебінен қаржыландыруды шешуі қажет. Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының алаңында Халықаралық су ұйымын құруға қатысты бастамасын одан әрі ілгерілету жөнінде шаралар қабылдау қажет. Су ресурстары министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, биыл Қазақстанның су-энергетикалық ресурстары картасын әзірлесін, — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол Президент кешегі Ұлттық құрылтай отырысында экономиканың түрлі салаларын дамытуға ғылыми әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынағанын еске салды.
— Біз қолда бар ғылыми әзірлемелерге сүйеніп, өзекті зерттеулерге тапсырыстарды жедел қалыптастыруға тиіспіз. Жуырда мен Ғылым академиясының өкілдерімен кездесу өткізуді жоспарлап отырмын, онда өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін талқылаймыз, — деді Премьер-министр. 
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейту бағытында жұмыс істеу керектігін айтқан еді. 

syrboyi.kz
21 қаңтар 2026 ж. 59 0