Алдағы уақытта 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана салынатын болады
Құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңірінің тарихи, мәдени және экономикалық маңызын жан-жақты атап өтті. «Сыр елі – жыр елі» деген ұғым Қорқыт ата заманынан бастау алған жыраулық-жыршылық және күйшілік өнермен тығыз байланысты. Жиенбай, Нұртуған, Нартай негізін қалаған жыршылық мектептер ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына айналды.Сыр бойы – еңбек адамдарының да ордасы. Кеңес кезеңінде бұл аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шықты. Ыбырай Жақаевтың есімі адал еңбектің символы ретінде халық жадында сақталып келеді. Бұл дәстүр бүгінгі күні де өз жалғасын табуда.
Президент Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Соңғы үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, 27 ірі жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін күшейтті.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген. Халықтың 80 пайызы көгілдір отын пайдаланады. Газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Көлік инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Автожолдардың жағдайы жақсарып, Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи темір жол вокзалы жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, аймақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл өңірдің логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік салада соңғы үш жылда 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт, 40 медицина нысаны салынды. Президенттің тапсырмасымен 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Алдағы уақытта 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана салынатын болады.










