Аймақ басшысы «Aаеngineering Group» ЖШС өкілдерімен кездесті
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіОблыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Kazakhmys Holding ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огаймен кездесті.
Кездесуде тараптар «Қызылорда қаласында 600 мың сақтау бірлігіне арналған Президенттік кітапхана салу» жобасын іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, барлық негізгі мәселелерді келісіп, жобаны бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.

Мемлекет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында білім беру және мәдени ортаны дамытуға бағытталған бастамалар көтерілген болатын. Осы бастамалар аясында Қызылорда қаласында Президенттік кітапхана салу туралы шешім қабылданды.
«Бұл – өңірдің білім беру және ғылыми инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Кездесуде жобаны іске асыру тетіктері, тараптардың қатысуы, инженерлік инфрақұрылымды дайындау және жер телімін рәсімдеу мәселелері талқыланды.
Эдуард Огай компаниялар тобы атынан жобаны қолдауға және құрылыс жұмыстарын жеделдетілген кесте бойынша орындауға дайын екенін жеткізді.

Қазіргі таңда Президент саябағы аумағынан кітапхана құрылысына арналған жер телімі анықталып, учаскені таңдау туралы алдын ала акт пен сызбалар дайындалды. Қалалық мәслихат пен жер комиссиясының хаттамалық шешімдері қабылданды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы аталған аумақта орналастыру жобасын әзірлеуде.
Тараптар жобаны барынша қысқа мерзімде жүзеге асыру туралы келісімге келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










