Қызылордада корпоративтік менеджмент пен цифрлық трансформация мәселелері талқыланды
Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында Қорқыт ата университетінің ұйымдастыруымен еліміздің жетекші сарапшылары, ғалымдары мен ірі ұйымдарының басшыларын біріктірген «Корпоративтік менеджмент және цифрлық трансформация – 2026» атты ауқымды форум өтті.Форумның бірінші жартысындағы негізгі іс-шара ұйымдар мен жоғары оқу орындарындағы заманауи басқару жүйесі мен цифрлық технологиялардың өзара ықпалдастығына арналған пленарлық отырыс болды. Пленарлық пікірталасты «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Әбіл жүргізді.
Форум жұмысына түрлі саланың өкілдерімен қатар «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай да қатысып, корпоративтік басқарудағы тиімді шешімдер, цифрландырудың мемлекеттік және қоғамдық институттардың дамуына ықпалы, сондай-ақ адами капиталдың рөлі туралы баяндама жасады.
Өз сөзінде Жандос Базартай цифрлық трансформацияның тек технологиялық өзгеріс емес, ең алдымен басқару мәдениетін жаңғырту үдерісі екенін атап өтті.
«Цифрлық трансформация – бұл тек жаңа платформалар мен ақпараттық жүйелерді енгізу емес. Ол ең алдымен басқару мәдениетін жаңарту, шешім қабылдау сапасын арттыру және қоғам алдындағы ашықтық пен жауапкершілікті күшейту. Мемлекет, білім беру ұйымдары, бизнес және азаматтық қоғам бірлесіп әрекет еткенде ғана еліміздің бәсекеге қабілеттілігі артып, тұрақты дамуға қол жеткізе аламыз», – деді Жандос Базартай.
Форум барысында корпоративтік басқарудың заманауи тәсілдері, жасанды интеллект құралдарын басқару процестеріне енгізу, жоғары білім беру жүйесін цифрландыру, кадрлық әлеуетті дамыту және мемлекеттік, академиялық әрі бизнес секторлары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды талқылауға және тиімді серіктестік байланыстарды дамытуға арналған маңызды диалог алаңына айналды.










