Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізіне қосымша 1,2 млрд текше метр су жіберіледі
KAZINFORM – Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізіне қосымша 1,2 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Арал ауданындағы балықшылармен кездесуде айтты, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.Министрдің айтуынша, Солтүстік Арал теңізін сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобаның екінші кезеңі әзірленген.
– Көкарал бөгетін реконструкциялау арқылы теңіздегі су деңгейін көтеріп, су көлемін арттыру жоспарланып отыр. Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Солтүстік Аралдағы су көлемін 34 млрд текше метрге дейін жеткізу жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда, – деді Нұржан Нұржігітов.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылғы 1 қазаннан бері Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне 1,4 млрд текше метр су жіберілген. Ал биылғы вегетациялық кезеңде теңізге секундына 40 текше метр су ағызылып жатыр.
Қазіргі уақытта Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,5 млрд текше метрді құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда теңіз суының тұздылығы орта есеппен 10%-ға төмендеп, 7,9 промиллеге жеткен. Сондай-ақ 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында теңізден 4,2 мың тонна балық ауланған.
Кездесу барысында балықшылар су пайдалану лимиттерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін көтерді.
– Біз Сырдарияның төменгі ағысында орналасқандықтан, өңірдегі балық шаруашылығының тұрақтылығы үшін диқандардың суды үнемдеп пайдалануы аса маңызды. Үнемделген су өңірдегі су айдындарын сақтап қалуға қажет, – деді «Арал» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС директоры Әділбек Айымбетов.
Сонымен қатар балықшылар Сырдария арқылы суды тиімді өткізу үшін Аманөткел су торабында шлюз салуды ұсынды. Бұл су өткізу көлемін секундына 100 текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша министр Су шаруашылығы комитетіне аталған шлюздің жобалау-сметалық құжатын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына су үнемдеу технологиялары есебінен үнемделген суды қоса алғанда, Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су жіберуді қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.
Жұмыс сапары аясында Нұржан Нұржігітов Ақлақ су торабында болып, теңізді сумен толықтыру жұмыстарының барысымен танысты. Секундына 515 текше метрге дейін су өткізуге қауқарлы бұл нысан Сырдария сағасындағы бірнеше көл мен ірі жайылма алқаптарды сумен қамтамасыз етеді.
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі










