Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өңірге инвестиция тарту және шетелдік инвесторлармен өзара ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
Облыс әкімінің аппаратының ұйымдастыруымен Үкіметтік делегацияның Қызылорда қаласына жұмыс сапары аясында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, бірқатар ірі инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстар ұсынылды.
Жобалар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.
Инвесторларға ұсынылған жобалар қатарында:
«ROCA Group» (Испания) – санитарлық-техникалық бұйымдар (керамикалық санитарлық жабдықтар, қолжуғыш, унитаз) өндіретін зауыт салу жобасы. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда жылына 50 мың шаршы метр өнім өндіріледі. Жоба құрылыс индустриясын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті төмендетуге және құрылыс материалдары өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.
«Liaoning Hongda Group» (Қытай) – қорғасын-мырыш кенін өндіру және байыту комбинатын салу жобасы. Жоба аясында жыл сайын 220 мың тонна қорғасын және 420 мың тонна мырыш концентраты өндіріледі. Бұл жоба тау-кен металлургия саласын дамытуға, экспорт көлемін ұлғайтуға, салық түсімдерін арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге елеулі үлес қосады.
«Chengdu Sepmen Co., Ltd» (Қытай) – сұйытылған табиғи газ (LNG) өндіру зауытының құрылысы. Кәсіпорында жылына 264 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіріледі. Жоба өңірдегі газды терең өңдеу деңгейін арттырып, экологиялық таза отын өндірісін дамытуға және энергия ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Alprecon Group – Göknur Gıda» (Түркия) – томат пастасы мен көкөніс пюресін өндіру зауыты. Жоба іске асқанда жылына 18 мың тонна дайын өнім өндіріледі. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, жергілікті диқандардың өнімін өткізудің жаңа нарығын қалыптастыруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді.
«Sarnıç İnşaat» (Түркия) – көпфункционалды сауда-ойын-сауық кешенін салу жобасы. Жоба аясында кешенде сауда орындары, қоғамдық тамақтану, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналасады. Бұл жоба өңірдің қызмет көрсету саласын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, туризмнің дамуына және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жобаларды таныстыру барысында олардың инвестициялық тартымдылығы, өндірістік қуаттылығы, іске асыру кезеңдері және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі жан-жақты таныстырылды.
Аталған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы Қызылорда облысында жаңа өндірістердің қалыптасуына, өңдеу өнеркәсібінің дамуына, тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне, салық түсімдерінің артуына және өңір экономикасының әртараптануына оң әсерін тигізеді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
04 тамыз 2026 ж. 56 0