Жігерлі жастарды жігерлендірген кеш
Жастық шақ – арманға қанат бітіріп, алға ұмтылатын, жаңалыққа құштарлық пен жігер қатар өрілетін ерекше кезең. Бүгінгі жас – елдің ертеңін күтетін буын ғана емес, сол ертеңді өз қолымен қалыптастыратын азамат. Сондықтан жастардың әрбір бастамасы мен жетістігі – қоғамның жарқын болашағының көрінісі.12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында Арал қаласында өткен «OPEN AIR» мерекелік гала-концерті осыны тағы бір мәрте айқын аңғартты. Ашық аспан астындағы әсем кеште Аралдың өнерлі, талапты, ізденімпаз жастары бас қосып, өз өнерлерін ортаға салды.
Кешкі самалмен тербелген әуен, сахнадағы жарқын қойылымдар мен жастардың көтеріңкі көңіл күйі қалаға ерекше мерекелік сипат берді. Бірі ән шырқап, бірі мың бұрала би билесе, енді бірі жыр оқып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жайдарманшылар әзіл мен тапқырлығын танытып, жас ақындар жүрекжарды жырларын арнады.

Бұл кештің басты ерекшелігі – сахнада өнер көрсеткен жастардың әрқайсысы Аралдың атын абыроймен танытып жүрген өрендер болуы еді. Олардың арасында облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, спортта, мәдениетте, шығармашылықта биіктерден көрінген таланттар бар.
Аудан жастарының жетістіктерін көпшілікке таныстыру да кештің маңызды бөлігіне айналды. Бірінің спорттағы жеңісі, енді бірінің өнердегі табысы, тағы бірінің білім мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі ел назарына ұсынылды. Осы арқылы сахнаға шыққан жастар ғана емес, Аралдың барша жас буынының жетістігіне құрмет көрсетілді.
Жастарды қолдау – қай кезде де қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жас буынға зор сенім артып, олардың ел дамуындағы рөлін үнемі атап келеді. Президенттің пайымынша, жастар – еліміздің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамдық өзгерістердің белсенді қозғаушы күші. Мемлекет басшысы жастарды білімге, еңбекке, отансүйгіштікке және жауапкершілікке үндеп келеді.
Шын мәнінде, ел болашағы деген ұғым алыстағы уақытпен өлшенбейді. Ол – бүгінгі жастың алған білімі, атқарған еңбегі, жасаған таңдауы мен қоғамға қосқан үлесінен басталады. Бір жас ғылым жолын таңдайды, енді бірі кәсіп бастап, өзгелерге жұмыс орнын ашады. Бағыттары әртүрлі болғанымен, барлығының мақсаты – өз орнын тауып, елге пайдасын тигізу.
Арал жастарының бойынан да осындай ізденісті аңғаруға болады. Туған жердің атын әр салада асқақтатып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын еріктілер, шығармашылықпен айналысып жүрген жас буын аз емес. Олардың әрбір жетістігінің артында туған жердің абыройы тұр.

Мерекелік кешке аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, жастарды айтулы күнмен құттықтады. Аудан жастарына ақжолтай тілегін білдіріп, жастар саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Жастардың бастамасына қолдау көрсетіп, ел болашағына қызмет ететін азамат болып қалыптасуына тілектестігін жеткізді.
Кеш барысында білім, мәдениет, спорт, еріктілік және шығармашылық бағыттарында белсенділігімен танылған бірқатар жас марапатталды. Бұл – олардың еңбегіне берілген баға және өзге жастарға да үлгі боларлық жақсы бастама.
Өйткені кейде бір марапаттың өзі жас адамның өзіне деген сенімін арттырып, жаңа белестерге бастайды. «Еңбегім еленді, талабым бағаланды» деген сезім кез келген жасқа қанат бітіреді.

Кештің мазмұнын ұлттық өнермен сабақтастырған сәттердің бірі – қасиетті қара домбырасын серік еткен ауданның мақтанышы, айтыскер ақын, дәстүрлі өнердің жас дүлдүлі Бексұлтан Орынбасаровтың өнер көрсетуі болды. Жырдан шашу шашып, жастарға ақжарма тілегін арнаған жас өнерпаздың сөзі кештің рухани мазмұнын байыта түсті.
Қазақ үшін домбыраның орны бөлек. Ол – ұлттың үні, тарихтың сарыны. Заманауи өнер мен ұлттық құндылықтың бір сахнада тоғысуы да бүгінгі жастардың талғамы мен танымының кеңдігін көрсетті.
Кештің тағы бір тартуы – Қызылорда қаласынан арнайы келген өнерпаздардың қатысуы болды. Талантты әншілер Олжас пен Назым сырлы әндерімен көрермен көңілін тербесе, қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған әнші-сазгер, жерлесіміз Үкітай Ерниязов көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындады.
Сонымен қатар "ВИА АРАЛ" ансамбльінің өнері де көпшілікке таңдай қақтырды. Көпшіліктің сағынышына айналған әуендермен қаланы аспанын әлдилеген топ мүшелерінің тартымды өнеріне таңданбау мүмкін емес те еді.
Туған жердің аспанында шырқалған таныс әуендер көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әнге қосылған жастар, сахнаға ілескен би, көрерменнің ыстық ықыласы – бәрі де кештің шырайын аша түсті.
Ашық аспан астындағы «OPEN AIR» осылайша жай ғана концерт емес, жастардың басын қосқан, олардың өнері мен еңбегін дәріптеген мазмұнды мерекеге айналды.
Жастар күні – жас буынның бүгінгі тынысына назар аударатын, олардың арманы мен талабын бағалайтын айтулы күн. Жастарға мүмкіндік беру – елдің келешегіне мүмкіндік беру. Ал сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білім алып, еңбек етіп, іздену – әр жастың өзіне байланысты.
Аралдың бүгінгі жастары да осындай үлкен жауапкершілікті сезініп келеді. Олар туған жердің тарихын мақтан тұта отырып, заман талабына сай білім алуға, жаңа кәсіптерді меңгеруге, өнер мен спортта өз мүмкіндігін сынауға талпынуда.
Жастардың бойындағы жігер – елдің қуаты. Олардың арманы – мемлекеттің келешекке деген үміті. Сондықтан жас буынға жасалған әрбір жағдай, көрсетілген әрбір қолдау, берілген әрбір мүмкіндік – болашаққа салынған берік негіз.
Арал аспанында өткен сол бір кеште осының бәрі анық сезілді. Ән болды. Би болды. Жыр болды. Қуаныш болды. Ең бастысы – жастардың жалынды үні болды.
Жастықтың құдіреті де осында – оның бойында мүмкіндік пен арман қатар жүреді. Ендеше, Аралдың ашық аспаны астында шырқалған жастардың жалынды үні биіктей берсін! Өнерлі өрендердің қадамы нық, арманы асқақ болсын!
Бүгінгі жас – ертеңгі елдің иесі. Ал Аралдың жастары сол ертеңге сеніммен қадам басып келеді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










