Қызылордада жаңа оқу жылына қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Жаңа оқу жылы - мыңдаған баланың білімге, жаңа ортаға және жаңа мүмкіндіктерге қадам басатын маңызды кезең. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 302 мемлекеттік мектепте 190 мыңнан астам оқушы білім алса, олардың 17 700-ге жуығы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Осыған байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғалары мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше басымдық берілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев баяндады.- Білім күніне орай облыста арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 522 полиция қызметкері мен 107 қызметтік автокөлік жұмылдырылады. Олар білім беру ұйымдарында және оған іргелес аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, таңғы жиындар барысында оқушыларға, ата-аналар мен ұстаздарға қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, қала және аудан орталықтарындағы қоғамдық орындарда, көшелерде, саябақтарда, скверлер мен орталық алаңдарда тәулік бойы қосымша полиция жасақтары қызмет атқарады. Жаңа оқу жылы басталғаннан бастап мектеп алдындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінде таңертең, түскі және кешкі уақытта ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары кезекшілік етеді. Балалардың жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. 15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республика көлемінде «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның аясында мектептер мен балабақшаларға іргелес аумақтардың жағдайы тексеріліп, жол инфрақұрылымын қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру, абаттандыру және білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау жүйелерін Жедел басқару орталығына сапалы қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Одан бөлек, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Жасөспірім», «Көктемгі демалыс», «Балалар түнгі қалада», «Құқықтық тәртіп» сияқты жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды ,- деді Ердәулет Баянбайұлы










