Қайрат Нұртас жауапкершілікке тартылуы мүмкін

«Танымал әншіге қатысты видео 23 наурыздан кейін әртүрлі желілерде жариялана бастады. Ал мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес республика аумағында бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Қазіргі кезде қазақстандық әншінің қатысуымен өткен жиынға баланысты мейрамхана иесі мен лауазымды тұлғаға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны туралы полициядан алынған материалдар негізінде тиісті шара қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр», – делінген Семей қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасында.
Ал Instagram желісінің қолданушылары жарияланған видеодағы той иесі Семей қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы екені айтылады.
«Бүгін «Жібек жолы» мейрамханасында Семей қаласының мамандандырылған ХҚКО-ның басшысы Ержан Тілеужанов той өткізді. Тойға Қайрат Нұртас келді. Ол Қайраттың жанында көк костюммен отырған адам», – деп жазылған видео астына жазылған пікірлердің бірінде.
Аталған фактіге орай, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Соның аясында карантиндік шектеулерді бұзушылар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша жазаға тартылады. Оларға ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, карантиндік шектеу кезінде өткен мерекелік іс-шараның барлық қатысушыларымен бірге Қайрат Нұртасқа қатысты да әкімшілік материалдар жиналған.
kyzylorda-news.kz