Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр сахнасы 72-ші театр маусымын жаңа премьерамен ашты

Сыр сахнасы 72-ші театр маусымын жаңа премьерамен ашты

Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры кезекті еңбек демалысынан кейін 72-ші театр маусымын ашты. Жаңа маусымның шымылдығы көрерменге ой салар жаңа қойылым – «Ку-ку» трагикомедиясымен түрілді.
Қойылым америкалық жазушы Кен Кизидің «Көкектің ұясы» романының желісі бойынша сахналанған. Шығарманы қазақ тіліне Ә. Оразбеков аударған. «Ку-ку» спектаклінің режиссері – Жәнібек Махамбетияр, суретшісі – Нұркен Қалымбетов, костюм дизайнері, модельер-суретшісі – Камила Даулбаева, жарық беруші жөніндегі суретшісі – Асқар Исмайлов.
Психологиялық драма жанрын ұнататын көрерменге арналған қойылым 16 жастан жоғары аудиторияға бағытталған. Спектакль оқиғасы психиатриялық ауруханадағы қалыптасқан тәртіп пен адам еркіндігі арасындағы тартысты арқау етеді.
Басты кейіпкер Макмерфи түрмеден құтылу мақсатында өзін психикалық ауытқуы бар адам ретінде көрсетіп, психиатриялық ауруханаға түседі. Оның еркін мінезі мен қалыптасқан тәртіпке бағынбауы бөлімдегі науқастардың өміріне өзгеріс әкеледі. Алайда бөлімді басқаратын Мисс Рэтчед үшін бұл өзгеріс қалыптасқан жүйеге қауіп ретінде қабылданады.
Қойылымда адам санасына әсер етудің шегі, жеке тұлғаның еркіндігі, қоғамдағы қалыптасқан тәртіп және адамдық қасиетті сақтап қалу мәселелері көтеріледі. Электр тоғымен емдеу, қатаң тәртіп орнату секілді тәсілдер арқылы спектакль көрерменді «Адамды емдеу дегеніміз не?» деген сауал төңірегінде ойлануға жетелейді.
«Ку-ку» спектаклі адамды жынды ететін не екенін емес, қандай жағдайда болмасын адам болып қалудың қаншалықты қиын екенін көрсетеді. Осы арқылы қойылым бүгінгі көрерменге де маңызды ой тастайды.
Жаңа театр маусымы тек премьерамен шектелмейді. Алдағы уақытта Сыр сахнасы бірқатар ауқымды мәдени жобаларға қатысып, халықаралық және республикалық деңгейдегі өнер шараларын өткізуді жоспарлап отыр.
Соның бірі – театр труппасының 1-6 қазан аралығында Әзербайжанның Шеки қаласында өтетін халықаралық фестивальге қатысуы.
Сонымен қатар 19-24 қазан аралығында Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрымен бірлесіп, Бағыбек Құндақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалі Қызылордада өтеді.
Ал 3-6 қараша күндері театр ұжымы Ақтау қаласына гастрольдік сапармен барады. Гастрольдік қойылымдар арқылы өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтып, Сыр елінің театр өнерін өзге көрерменге таныту көзделіп отыр.
Жаңа маусымда театр труппасының құрамы да екі жаңа артиспен толықты. Алдағы уақытта репертуар жаңа туындылармен толығып, драма жанрындағы қойылымдармен қатар балаларға арналған екі спектакль көрермен назарына ұсынылады.
15 қыркүйек 2026 ж. 14 0