Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Елдің жетістігі – партияның жетістігі

Елдің жетістігі – партияның жетістігі

«Nur Otan» партиясы алғашқы құрылған күннен тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдауға ұйытқы болып келеді. Әрі партия елмен етене қайнасып, халықтың мүддесін билікке жеткізіп жүр. Бүгінде «NurOtan» нағыз халықтық партия екенін көрсетіп келе жатқанын көріп отырмыз. Сол себепті өткен сайлаулардың бәрінде көпшіліктің сеніміне ие болып отыр.Бүгінгі «Nur Otan» партиясы 1999 жылы 1 наурызда «Отан» партиясы болып құрылған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған партияның төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы. Міне, сол уақыттан бері партияның тынысы, елдегі елеулі өзгерістер дамуға бастайтын тың идеялардың бастамашысы болып келе жатқан партияның жемісін көріп отырмыз. Аудан көлемінде де істелген жұмыстың көптігі белгілі. Партияның құрылған күніне орай 22 жыл көлемінде ауданда атқарылған партияның жемісті жұмысы жайлы аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Алдаберген Жолановпен тілдескен едік.
– Алдаберген аға, партия құрылғалы бері басы-қасында жүргеніңізді білеміз. Жалпы, партия жайлы не айтасыз?
– «Отан» партиясы 1999 жылы 1 наурызда құрылды. Сол күннен бастап облыстарда, аудандарда партия филиалының төрағалары бекітілді. Мен аудан бойынша төраға болып тағайындалдым. Ол кезде қоғамдық негізде жұмыс жасадық. Жалақы төленбейтін. Кейіннен жалақы төленетін болды. 2002 жылдан бастап аймақтағы, аудандағы филиалдардың төрағасы ретінде облыс, аудан әкімдері тағайындалып, мен партияның аудандағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары болдым. Міне, сол орында 17 жыл абыроймен қызмет жасап, 2017 жылы зейнетке шықтым.
– Партия құру да оңай шаруа емесін білеміз. Кез келген істі бастаған кезде алғашында қиындықтар болмай тұрмайды. Осы жайында айта кетсеңіз...
– Иә, рас айтасың. «Отан» партиясы құрылды. Бірақ партия қолдаушысыз болмайды. Ал қолдаушы сол партияның жұмысымен, алдағы жоспарымен жақын таныспай жатып табылмайтыны да анық. Сол себепті партияның жұмысын кең көлемде насихаттау бізге жүктелді. Арнайы штаб құрдық. Олар халық арасында түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізді. Халықтың сенімінен шығу жолын жан-жақты қарастырды. Осылайша қолдаушы табыла бастады. Партия құрамына енуге ынталылар көбейді. Бірақ бұл бір күнде біткен жұмыс емес. Алғашқы жылдары партияның 300 мүшесі тіркелді.
Кейіннен халықтың көзі жетті. Жетістіктерді көрді. Жүзеге асқан жұмыстар мен болашаққа құрған жоспарының анық орындаларына сенімді болды. Сонымен қатар партия қоғамдық қабылдау жүргізуді дәстүрге айналдырды. Партия мүшелері халықпен жиі кездесіп, қабылдау өткізді. Бұл билік пен бұқараны бір-біріне жақындата түсті. Соның нәтижесінде соңғы жылдары 300-500 адамға дейін өз таңдауымен партия құрамына мүшелікке өтіп, 2017 жылы зейнетке шыққан уақытымда аудан бойынша 6000 адам партия мүшесі болды. Бұл облыс көлемінде ең жоғарғы көрсеткіш болды. Аудан бірінші орынға шықты. Сан жағынан да, сапа жағынан да жоғарғы көрсеткіш көрсеткендіктен, республикалық, облыстық деңгейдегі партияның Құрмет грамоталарын иелендік.
– Өзіңіз қызметте болған жылдары ауданда атқарылған жұмыстар жайында не айтар едіңіз. Халық пен билік арасында көбіне қандай сауалдар қойылатын?
– Осы жылдар арасында атқарылған еңбекті жіпке тізгендей айтып шығу мүмкін емес. Өте көп жұмыс істелді. Оған аралдықтар куә. Мемлекеттің ғана емес, әлемнің назарын өзіне аударған сәтте де партияның үлесі өте зор.
Ал екінші сауалыңыз бойынша айтар мәселелер де жеткілікті. Әсіресе халықтың басты сұрауындағы мәселе жұмыссыздық жағдайы болатын. Әр қабылдау өткен сайын бірнеше адам осы мәселені көтеріп, жұмыссыз жүргендігін айтып, алдымызға келетін. Барлығына көмектесуге тырыстық. Жағдай жасадық. Бүгінгі таңдағы жұмыссыздықтың азайғанын, халыққа өзін-өзі жұмыспен қамту, өзгені жұмыспен қамтуға жасалған қолдаудың бәрі соның боямасыз көрінісі.
Мұнан бөлек те мәселелер айтылды. Орындалғаны қаншама. Алдағы уақытта да орындалатынына сенімім мол. Бұқара халық билікпен бірге болса, дамудың биік шыңына жетеріміз сөзсіз. Билік деп неге айтты демеңіз. Бүгінде «Nur Otan» партиясы билік партиясы болып табылады. Жалпы, қай партияның мақсаты да – билікке қол жеткізу. Билікке қол жеткізу үшін халықтың талғамынан шығу керек. Ал «Nur Otan» осы биікті бағындырды. Халықтың зор ықыласына ие болып, билікке жетті.
Партиялар билікке таласады дегенді теріс ұғынбау да маңызды. Өйткені олардың әрқайсысының басты мақсаты – елді, жерді дамыту. Сол үшін өзіндік бағыт ұстанады, бағдарлама жүргізеді. Міне, «Nur Otan» партиясымен бағыты бір партиялардың арасында осы партияға қосылғандары да бар. Бұл – қай жетістікке болса да бірге жетудің белгісі.
– Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясынан қандай нәтижелі жұмыс күтесіз?
– Әр партия Парламент сайлауы алдында бағдарлама дайындайды. Сол бағдарламаны халыққа түсіндіреді. Талқылайды. Жетістікке жетудің жаңа жолдарын қарастырады. Кешегі сайлау да менің алдағы уақытта не күтетінімді көрсеткендей. «Nur Otan» париясы айқын басымдықпен дауыс жинады. Демек елдің таңдауы – осы. Бүгінгі уақытқа дейін істелген әрбір жемісті жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынына сенемін. «Nur Otan» партиясы қай кезде де сол бағдарлама аясында жұмыс істеп келеді. Нәтижеге жетудің жолын меңгергендігі белгілі.
Осы тұста мынаны тағы бір еске салып кеткім келеді. Елдің жетістігі – партияның жетістігі. Осы бағыттан таймай жұмыс істеп келе жатқан партияның да көпшіліктің таңдауына ие болып отырғаны сондықтан.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
28 ақпан 2021 ж. 989 0