Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Суреті Үндістанда сақталған қазақ сарбазы

Суреті Үндістанда сақталған қазақ сарбазы

Үндістан Қарулы күштерінің әскери мұражайында қазақ сарбазының картинасы сақтаулы деген хабарға елең ете қалдық. Журналистік қызығушылықпен жасаған ізденісіміз нәтижесіз емес. Үнді музейіндегі құнды экспонаттар қатары­нан орын алған картина авторы Ербол Рабатов деген қазақ бітімгері болып шықты.

Сарыөзектегі шабуылдаушылар құрамасының батальон сержанты Ербол 2019-2020 жылдары БҰҰ Ливандағы уақытша күштерінің шығыс секторында бітімгерлік қызмет атқарған екен.

Жалпы, қазақ бітімгерлері 2018 жылғы қазан айынан бері Израил мен Оңтүстік Ливан шекарасында орналасқан UNIFIL миссиясына қатысып келеді. Атап айтқанда, онда біздің жігіттер үнді бітімгерлерімен бірлесіп, жергілікті жерді жаяу және мобильді патрульдеуді, тосқауыл бекеттерінің жұмысын ұйымдастыруды, базаларды күзету мен түрлі операцияны жүргізуді жүзеге асырады.

Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаушы қазақстандық «көгіл­дір каскалардың» Ливандағы үшінші құрамы сапында қызмет еткен Ербол бауырымыздың жергілікті әскерилерге жасаған ерекше тартуы жайлы миссияға қатысушылар ризашылықпен айтады.

– Көпұлтты күштер қолбас­шылығынан бітімгерлер тұра­тын казарма қабырғасына му­рал салу туралы ұсыныс түсті. Бұл жауапты тапсырма­ны қуана қабылдадым, – дейді ІІ сыныпты сержант Ербол Раба­тов. – Миссиядағы негізгі міндет­терімді атқарудан қолым бо­саған кезде жұмысқа бар ынта-жігермен кірістім.

Екі аптада дайын болған бітімгерлердің бірлескен қимы­лы бейнеленген мурал көп-ұлтты күштердің көңілінен шық­ты. Сонадайдан ерекше көз тартатын туынды, тіпті БҰҰ басшылығының да қызы­ғушылығын туғызған. Ерболдың құрметіне Ливанда шағын сурет көрмесі ұйымдастырылып, миссия қолбасшылығы жер­ле­сімізге Алғысхат тапсырып, бағалы сыйлықпен мара­паттаған.

Үндістандық бөлімше коман­дирі полковник Нараян Синх Амит «суреттің көшірмесін салып беріңіз» деп қолқалапты. Бұл өтінішті де құп алған жер­лесімізге тағы екі апта уақытын шығармашылыққа арнауға тура келген. Кенепке майлы бояу­мен салынған картинаны пол­ковник еліне жеткен соң Үн­дістан Қарулы күштерінің әскери мұражайына өткізіпті. Қазақ сарбазы салған суреттің музейден табылу тарихы осындай.

Ербол бала күнінен сурет салуға бейім болып өскен. Тіпті үйдің қабырғаларын қиялындағы кейіпкерлерімен толтырып тастайтын күндері көп болатын. Баласының өнер­ге құштарлықтан туған бұл қылығына анасы да қабақ шыт­қан емес. Мектепте оқып жүр­генінде сурет пәнінен сабақ беретін мұғалімі Аманжол Бек­сұлтанов оны көркемсурет үйірмесіне қабылдап, талантын ашуға сеп болды. Жетінші сыныпта жас суретшілер арасында өткен байқауда бірінші орын алып, жақындарын қуантқаны бар. Сол жолы жеңімпаз балаға әсем Алматыны көру бақыты бұйырды.

Бүгінде әскери өтілі 20 жылдан асатын Ербол Рабатов қолы қалт еткенде шеберханасынан табылады. Туған жерінің табиғатын қалай сүйсе, қылқаламын да солай қастерлей білген суретшінің тақырыбы әр алуан. Картиналары ұлттық бояуға қанық.

Ербол – спорт шеберіне кандидат. Кезінде Жаркенттегі Дәулет Тұрлыханов атындағы грек-рим күресі клубында жаттығып, бірқатар додада топ жарғаны бар.

Спорт пен өнерді жанына серік еткен сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің үнемі шығар­машылық ізденіс үстінде жүре­тіні байқалады. Олай болса, мақсаты айқын Ерболдың бола­шағы да жарқын боларына біз де сенімдіміз.

Мұхарбек МАХАМБЕТ,

әскери журналист

egemen.kz
12 желтоқсан 2022 ж. 596 0