АҚШ-ҚХР: Қайта жанданған байланыс
Калифорниядағы саяжайда серуендеп келе жатқан Джо Байден мен Си Цзиньпиннің суреті қытайлық БАҚ-тың бас тақырыбынан әлі түскен жоқ. Бейжің бұл төрт сағаттық екіжақты кездесуді «тарихи» кезең десе, америкалық ең ірі мемлекеттік «People’s Daily» газеті Қытай-Америка қарым-қатынасының «жаңа бастауы» деп атады.
Бұл – Джо Байден мен Си Цзиньпиннің көптен бері бетпе-бет кездесуі. Айта кетейік Covid-19 пандемиясынан соң ҚХР басшысы шетелге алғашғы сапарын Қазақстаннан бастаған болатын.
Бұған дейін Қытай Тайвань мен Оңтүстік Қытай теңізіне қатаң талап қойып, АҚШ озық технологияларды экспорттауға тыйым салған еді, осындай жағдайлар екі ел арасына сызат түсірді. ВВС-дің мәліметінше АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің Бейжіңге жасаған биылғы сапары мен Сан-Францискода өткен Азия-Тынық мұхиты елдерінің экономикалық ынтымақтастығы саммиті осы олқылықтардың орнын толтырды. Саммит желісімен екі алып жүздесіп, бірқатар мәселенің түйінін шешті. Мәселен, екі тарап әскери байланысты қалпына келтіруге, АҚШ-тағы нашақорлықпен күресу үшін бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Алайда Тайвань сияқты өткір мәселелер қалыс қалды. Сондай-ақ баспасөз мәслихатының соңында Джо Байден сұрақтарға жауап бере отырып, Си Цзиньпиннің диктатор екенін еске салды, бұл пікірді АҚШ президенті бұған дейін де айтқан болатын, осы ретте тағы қайталады.
«China Central Television» мемлекеттік телеарнасы күнделікті кешкі жаңалықтарының үштен екісін Қытай Преидентінің Сан-Францискодағы сапарына арнады, шамамен 15 минут Байден мен Си Цзиньпиннің және оның сол күні кешке америкалық бизнес көшбасшыларымен кездесуі көрсетілді, эфирдің тағы 15 минуты Си мырзаның сөзімен жалғасты.
«Кездесу позитивті, жан-жақты және сындарлы болды. Бұл Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты тұрақтандырудың жаңа бастамасы болуы мүмкін», деді жүргізуші «People’s Daily» журналында жарияланған мақаланы оқи отырып.
Осылайша, Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары антиамерикалық риториканы тоқтатты, оның орнына келісім мен ынтымақтастықты көрсететін ақпарат, хабарлар таратты. Мәселен, Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігі екі ел достығы туралы ауқымды мақала жариялады. «Достық байланыстардың тұрақтылығы мен беріктігі қиын кезеңдерде әрқашан қолдауға ие болады», делінген Си Цзиньпиннің АҚШ сапарындағы фотосуреттерімен бірге жарияланған мақалада. Ал Байденнің «диктатор» деген тұсы Қытайдың ресми ақпарат көздерінен кесіліп тасталды.
Екі ел бірқатар келісімге келді
«Менің ойымша, кездесу нәтижелі болды. Біз маңызды мәселелерді бірігіп шешуге уағдаластық», деді АҚШ президенті Байден кездесуден кейін. Бұған дейін АҚШ-Қытай қарым-қатынасы тақтайдай тегіс болмағаны белгілі. Енді бұл кездесуден кейін екі держава арасындағы байланыс қақпасы қайта жабылмайтын болды.
Алдымен екі президент экологиялық мәселелерді талқылады. Қос ел де ауаға көміртегі шығарындыларын тастап, климат ластануының әлемдегі ең ірі көзі, осыған орай АҚШ пен Қытай климаттың өзгеруіне қарсы әрекет етеміз деп келісті, бірақ екеуі де қазба отындарын пайдалануды тоқтатамыз деген міндеттеме алған жоқ. Олар метанның, әсіресе күшті парниктік газдың шығарындыларын бәсеңдету және 2030 жылға қарай жаңартылатын энергияны пайдалануды үш есе арттыру жөніндегі жаһандық бастаманы қолдау үшін ынтымақтасуға уәде берді. Осы келісімді ВВС сарапшылары айдың соңында Дубайда өтетін «COP-28» климаттың өзгеруіне арналған халықаралық конференция қарсаңында назар аударарлық оқиға екенін айтады.
«Бұл – климаттың өзгеруімен күресудегі азғантай ғана әрекет, бірақ маңызды қадам», деді Қытай сарапшысы және британдық «Chatham House» талдау орталығының зерттеушісі Бернис Ли. Ал Әлемдік ресурстар институтының сарапшысы Дэвид Васкоу: «Қытай – метан шығарындыларының әлемдегі ең үлкен көзі және жақын арада жаһандық жылынуды бәсеңдету үшін осы газ шығарындыларын шектеуде маңызды әрекет етуі қажет», деді ВВС-ге берген пікірінде.
Екіншіден, Джо Байден мен Си Цзиньпин фентанилдің заңсыз айналымымен күресуге келісті. Екі тарап есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте ынтымақтасатынын мәлімдеді. ВВС таратқан мәлімет бойынша өткен жылы Америкада шамамен 75 мың адам есірткіні шамадан тыс қолданып, қайтыс болған. Айта кетейік, қытайлық өндіруші компаниялар есірткінің өзін ғана емес, оған қосып пайдалануға болатын химиялық прекурсорларды да өндіреді. Осыны ескерген Қытай басшысы АҚШ-тағы заңсыз фентанил ағынын тоқтату үшін химиялық компаниялармен күресетінін айтты. Алайда Брукинг институтының халықаралық ұйымдасқан қылмыс жөніндегі сарапшысы Ванда Фелбаб-Браун бұл келісім «дипломатиялық және саяси мәлімдеме», оның нақты нәтиже берері күмәнді деген пікірде. «Қытайдың бұл компанияларды қалай қудалайтыны әлі белгісіз. Қытай басшысы олардың үшеуімен, бес немесе елуімен күресе ме? Негізі ҚХР есірткіге қарсы ынтымақтастықты «айырбас монетасы» және «кең дипломатия құралы» ретінде пайдалануды жалғастырады», деді ол.
Сонымен қатар шиеленісті кезеңнен кейін екі ел арасында әскери байланыс қайта жанданады. Қос басшы әскерилер арасындағы байланысты қалпына келтіруге уәделесті. Бұл негізі америкалықтардың тілектері болды. Өткен жылы АҚШ Өкілдер палатасының сол кездегі спикері Нэнси Пелоси Тайваньға жасаған сапарынан кейін Қытай әскери байланыстарды үзген еді. Ал жыл басында қытайлық барлау шары АҚШ-тың үстінен ұшып, Атлант мұхитының үстінен атып түсірілгеннен кейін қарым-қатынас одан әрі ушыға түсті.
«Қырғиқабақ соғыс кезінде АҚШ пен кеңес одағы ядролық державалар арасындағы соғысқа әкелуі мүмкін кез келген кездейсоқ қадамдарды болдырмау үшін әрқашан әскери байланыста болды. Дәл қазір Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас та солай болуы керек», деді бұрынғы АҚШ қорғаныс министрі көмекшісінің орынбасары Мик Малрой. Он жыл бойы Қытайдан репортаж жасаған Солтүстік Америкадағы ВВС тілшісі Джон Садворт, екі ел президенттерінің ымыраға келетіні жеке кездесуге дейін бірден байқалғанын айтады. Мәселен, ай басында бірнеше жылдан соң алғаш рет екі тарап Вашингтонда өздерінің ядролық арсеналдарын талқылау үшін кездескен.
Сондай-ақ екі елдің президенттері Тайвань мәселесін де талқылады. Си Цзиньпин америкалық әріптесіне Тайваньды қаруландыруды тоқтату керектігін, Қытайдың сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес Аралмен қайта қосылуын тоқтату мүмкін еместігін жеткізді. Ал Джо Байден журналистерге бұл мәселеге АҚШ-тың көзқарасы өзгермейтінін айтты.
Достық «елшілері»
Кездесуден кейін Си Цзиньпин Бейжің АҚШ хайуанаттар бағына көп панда жөнелтетінін айтты. Негізі Қытай қонжықтарды ондаған жыл бойы өзге мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайту үшін «пандалық дипломатияны» қолданып келеді.
«Пандалар ұзақ уақыт бойы Қытай мен Америка халықтары арасындағы достықтың нышаны болды», деді Си Цзиньпин кешкі ас кезінде. ВВС мәліметі бойынша Колумбия округіне қарасты Вашингтондағы Ұлттық хайуанаттар бағында 23 жыл өмір сүрген үш алып панда осы айда Қытайға қайтарылған. Ал Атланта хайуанаттар бағындағы төрт аю келесі жылдың басында елдеріне оралады.
Қытай басшысы Бейжің АҚШ-пен пандаларды сақтау бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін айтты, әсіресе аюларды Сан-Диего хайуанаттар бағына жіберу мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді. Осылайша, пандалар «Достық елшілері» ретінде қызмет етіп келеді.
Екі алып ел арасындағы келіссөздер осы кездесуден кейін жалғаса береді. Алайда екі мемлекет әлі де көп мәселе бойынша бір-бірінен алшақ. Келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу бастама болғанымен, кейбір сарапшылар «тым оптимистік болжамдардан сақ болған жөн» дейді.
«Кейінгі төрт айда Вашингтон мен Бейжің арасындағы байланыстар шынымен де керемет жақсарды. Алайда мұның көп бөлігі Азия-Тынық мұхиты елдерінің экономикалық ынтымақтастығының осы кездесуіне тікелей байланысты. Бұл оң көзқарас пен қадамдар алдағы уақытта сақталуы да, сақталмауы да мүмкін», деді Сиракьюз университетінің Қытай зерттеулер орталығының директоры Димитар Георгиев.
egemen.kz
Фото: egemen.kz