АҚШ-та пайыздық мөлшерлеме үш жылдан кейін алғаш рет көтерілді
АҚШ Федералды резервтік жүйесі (ФРЖ) үш жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет базалық пайыздық мөлшерлемені көтерді. Ол 3,5–3,75%-дан 3,75–4%-ға дейін өсті.
ВВС-дің мәліметінше, шешім инфляцияны тежеу мақсатында бірауыздан қабылданды. ФРЖ төрағасы Кевин Уорштың айтуынша, АҚШ-та инфляция ұзақ уақыт бойы нысаналы 2% деңгейінен жоғары болып отыр.
«Инфляция тым жоғары және тым ұзақ уақыт бойы сақталып келеді», – деді Уорш.
ФРЖ өкілдерінің басым бөлігі мөлшерлеме биыл тағы бір рет көтеріліп, 4–4,25%-ға жетуі мүмкін деп болжап отыр.
Мөлшерлеменің өсуі АҚШ-та ипотека, несие карталары және басқа да қарыз түрлерінің қымбаттауына ықпал етуі мүмкін. JPMorgan, KeyCorp және BNY банктері негізгі несие мөлшерлемесін 6,75%-дан 7%-ға дейін көтеретінін хабарлады.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін ФРЖ-ны пайыздық мөлшерлемені төмендетуге шақырған еді. Шешімнен кейін ол Уоршқа сенетінін айтып, ФРЖ кеңесінің ұстанымын сынға алды.
АҚШ-та базалық мөлшерлеме соңғы рет 2023 жылғы шілдеде көтерілген.
baq.kz
Фото: baq.kz











