Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда макарон өнімдері қымбаттайды

Қазақстанда макарон өнімдері қымбаттайды

Қазақстандық ірі макарон өндірушілердің бірі шығаратын өнімдердің бағасы шамамен 10%-ға өсуі мүмкін. Бағаның көтерілуінің басты себебі - астық пен ұнның қымбаттауы, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кәсіпорынның атқарушы директоры Сергей Югайдың айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда астық пен ұнның бағасы тұрақты өсуде. 
- Егер өткен жылы ұнның келісі 130-135 теңге болса, биыл 150 теңгеге жетті. Ұн қымбаттаса, макарон бағасы да өседі. Өнім бағасын көтермесек шығынға батамыз, - деді мән-жайды түсіндірген Сергей Югай.  
Оның айтуынша, бағаның өсуіне бұдан бөлек Ресейден жеткізілетін қаптама материалының қымбаттауы және жұмысшылардың жалақысын көтеру қажеттілігі де әсер етеді. 
- Жобамен қазан айынан бастап дайын өнімнің бағасын 8-10 пайызға көтеруге тура келеді. Соңғы рет біз макарон өнімдерінің құнын бір жылдан астам уақыт бұрын көтердік, бұл уақыт ішінде ұн бірнеше рет қымбаттады, - деп түсіндірді атқарушы директор. 
Сонымен қатар ресейлік өндірушілер де макарон өнімдерінің бағасын 12%-ға қымбаттататынын мәлімдеген. Олар қажет бидай түрінің тапшылығы мен материалдар бағасының күрт өсуіне тап болған. 
- Біз өндірісте ресейлік қатты астықты қолданбаймыз, сондықтан көрші елдегі бағаның өсуіне тәуелді емеспіз. Сондай-ақ макарон өнімдерімізді Ресейге жеткізбейміз, өйткені біз осы уақытқа дейін баға деңгейінде ресейліктермен бәсекелесе алмадық. Ал егер олардың өнімдері қымбаттап, біз бәсекеге қабілетті болсақ, мұны да байқап көреміз - дейді Сергей Югай.
24 қыркүйек 2021 ж. 826 0