Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүлік салығы: 1 қаңтардан бастап не өзгереді?

Мүлік салығы: 1 қаңтардан бастап не өзгереді?

Салық кодексіне көппәтерлі тұрғын үйлердегі және кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын қоймалар үшін мүлік салығы бойынша салық есептілігін тапсырмауға болатын өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Көппәтерлі тұрғын үйлердегі және кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын қоймалар үшін мүлік салығы бойынша салық есептілігін тапсыруға қатысты салық міндеттемесі туындауын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы №85-VII заңы бойынша Салық кодексінің 529-бабы 3-тармағына 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап көппәтерлі тұрғын үйлердегі және жеке мақсаттарда пайдаланылатын қоймалар бойынша жеке тұлғалардың мүлік салығын салық органдарымен есептеуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», – делінген хабарламада.
Комитет мәліметінше, бұл өзгерістер салық органдарына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындайтын құн негізінде қоймалар бойынша мүлік салығына қатысты салық міндеттемесін орындауды оңайлатады. Бұрын салық базасын айқындауды, салықты есептеуді, сондай-ақ салық есептілігін табыс етуді жеке тұлғалар өздері жүзеге асырған болатын.
Осылайша, қоймалар бойынша жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеуді салық органдары есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей жүргізеді, бұл ретте бюджетке салық төлеу есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей, яғни салық кезеңі аяқталғаннан кейін жүргізіледі.
Осыған байланысты, 2023 жылдан бастап көппәтерлі тұрғын үйлердегі қоймалар үшін жеке тұлғалардың мүлік салығы бойынша салық есептілігін ұсыну қажеттілігі алып тасталған.
«Сондай-ақ, заң бойынша, салық салу нысанын және салық салу тәртібін айқындау бөлігінде «тұрақ орындары» терминінің дұрыс түсіндірілмеуін болдырмау мақсатында Салық кодексінің 528-бабы 1) тармақшасына және 529-бабы 3-тармағына нақтылау сипатындағы толықтырулар енгізілді», – делінген хабарламада.
Бұл ретте, «тұрақ орындарына» салық салу тәртібі өзгермегенін атап өтеу қажет, бұрынғыдай «тұрақ орындары» бойынша салықты есептеу «гараждарға» ұқсас жүргізілетін болады. Өзгерістер тұрақ орындарының иелеріне жаңадан салық салуды қарастырмайды, яғни салық жүктемесі өзгерген жоқ.  

syrboyi.kz
27 желтоқсан 2021 ж. 1 882 0