Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлем бойынша 51-орынға ие болды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы әлем бойынша 51-орынға ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ресми түрде ашылып, іске қосылғанына бір жыл толды. Мұндай орталықты құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев қол қойса, ал 2018 жылы 5 шілдеде тұсауы кесілді.

Мақсат – халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру, қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету.
Былтыр қаңтар айында қаржы орталығының барлық органдары мен ұйымдары жұмысы ресми түрде іске қосылды.
АХҚО-ның тәуелсіз Соты мен АХҚО-ның Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) өз жұмыстарын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастады. АХҚО Соты ағылшын жалпы құқығының нормалары мен қағидаттарына негізделген өңірдегі алғашқы сот жүйесі. Ол АХҚО-дағы азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін ең жоғары халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді.

ХТО төрешілерінің құрамына 30 халықаралық төреші кіреді, олардың 18-і медиатор ретінде әрекет етеді (Еуропалық Одақ, Гонконг, Жапония, Үндістан, Қазақстан, Ресей, Сингапур, Ұлыбритания, Украина және АҚШ өкілдері). Халықаралық төрешілер жер қойнауын пайдалану, сауда, мұнай және газ, құрылыс, энергетика, ислам қаржылары, банк ісі, зияткерлік меншік туралы заңнама және коммерциялық құқықтың басқа да салаларда төрелік талқылаудың көп жылдық тәжірибесі бар.
2019 жылдың сәуір айында АХҚО соты бірінші коммерциялық іс бойынша өзінің алғашқы сот шешімін шығарды.
2019 жылдың ақпан айында АХҚО соты және ХТО Орталық Азия аймағы үшін бірінші болып eJustice электронды сот төрелігінің жаңа жүйесін ресми түрде іске қосқан болатын. Ал осы жылдың маусымынан бастап АХҚО соты дәстүрлі сот ісін жүргізудің баламасы ретінде сот медиациясын енгізді. Егер екі тарап АХҚО сотына жүгініп, осы қызметті таңдаса, судья медиатордың рөлін өзіне алып, тараптарға дауды шешуге қол жеткізуге көмектеседі.
АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті – АХҚО-дағы барлық реттелетін қызмет түрлерінің, нарықтық қызметтің, қосалқы қызметтердің біріктірілген реттеушісі. АХҚО Комитетінің міндеті – жеке тұлғалар мен әр түрлі ұйымдар мен мекемелердің қызметі үшін әділ және ашықтық қаржы нарығы қалыптасатын ыңғайлы орта құру.
Комитет іс-әрекеттің жоғары талаптарына негізделген құқықтық және реттеушілік базаны қамтамасыз ететін, инновациялар енгізілетін және инвесторлар сенім білдіріп, өз бизнестерін құратын әділ де қауіпсіз орта жасалатын Еуразия өңіріндегі барша әлемге танылған қаржы қызметтерінің реттеушісі атануға тырысады.
Елдің қор нарығы үшін жаңа заманауи инфрақұрылымды дамыту шеңберінде АХҚО Биржасы құрылды. Биржаның қызметі ашықтықты, сенімділікті және инвесторларды қорғауды қамтамасыз ететін халықаралық танылған нормативтік-құқықтық базаға негізделген.
АХҚО Биржасының серіктестері – Goldman Sachs, Жібек жолы қоры, Шанхай қор биржасы және өз кезегінде АХҚО Биржасына сауда-саттыққа және нарықты зерделеуге арналған ең озық технологиялармен қамтамасыз еткен американдық Nasdaq биржасы. Шанхай қор биржасымен серіктестік нарықтағы өтімділіктің артуына ықпал етеді және «Белдеу мен Жол» қытай бастамасы шеңберінде АХҚО алаңының қатысуына негіз болды.
Былтыр қараша айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы АХҚО Биржасының алаңында бағалы қағаздардың алғашқы саудасын – әлемдегі ең ірі уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы IPO-сын ресми түрде іске қосты. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ұлттық компанияларын IPO/SPO-ға шығару бойынша белсенді бірлескен жұмыс жүргізілуде.
АХҚО Биржасы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға арналған алаңды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Осы мақсат үшін АХҚО Биржасында «Белдеу және Жол» бастамасының аясында түрлі жобаларды қаржыландыру үшін қор нарығының әртүрлі тетіктерін ұсынуға бағытталған нарықтың арнайы секторы құрылды. АХҚО әлемнің 123 елін, 29 халықаралық ұйымды, жалпы халқы саны 4 миллиардтан астам адамнан тұратын әлемнің 60 елін қамтитын осы бастаманың өңірлік орталығына айналуға тиіс.
Астана халықаралық қаржы орталығының негізгі басым бағыттары - капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар және жасыл қаржыландыру.
Қазір АХҚО осы бағыттарды дамыту жолында жұмыс істеп жатыр.
Капитал нарығы дегеніміз Қор биржасының жұмысымен тікелей байланысты болса, жоғарыда ол туралы кеңінен атап өттік.
Жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару біздің ел, аймақ үшін жаңа сала, сондықтан, қазіргі күні бұл саланы дамыту Қаржы орталығының мақсаттарының бірі.
Ислам қаржыландыруына келсек, АХҚО ислам банктері мен қаржы институттары бас кеңесінің (CIBAFI) мүшесі атанды.
Қазір Нұр-Сұлтан шаһары исламдық қаржыландырудың беделді рейтингінде (GIFR 2018) 48 орыннан 24-ші орынды көтерілсе, Қаржы орталығы Исламдық қаржы жөніндегі жаһандық сыйлықтың (GIFA 2018) аясында үш жүлдеге ие болды.
Жасыл қаржыландыру тақырыбы тіпті ерекше. Әлем елдерінде кеңінен таралған «жасыл энергия», «жасыл технология» сынды жаңа ұғымдардың қатарында «жасыл облигация», «жасыл қаржы» деген терминдер бізде де қолданысқа ене бастады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының стратегиялық басым бағыттарының бірі де осы – «Жасыл» қаржыландыруды дамыту.
Былтырғы мәліметтерге сүйенсек, дүние жүзі бойынша «жасыл облигациялардың шығарылымы» 155 миллиард доллардан асып түсіпті. «Жасыл облигацияның» басқаларынан басты айырмашылығы – түскен қаражат толықтай экологиялық жобаларға, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалады.
Дүние жүзі бойынша нарыққа «жасыл қаржы» тарту ісінде Қытай мемлекеті көш басында. 2016 жылы 23 миллиард доллар облигацияны сатылымға шығарған ел бұған көміртегі газын шығаруды азайту саясатының арқасында қол жеткізді. Тіпті, әйгілі Apple компаниясы да былтыр 1 миллиард доллар кірісті «жасыл облигация» сатудан түсіріпті. Оған Ислам қаржы институттары да қызығушылық танытуда. Қазақстан да 2025 жылға дейін еліміз «жасыл қаржы» саласы бойынша Орталық Азия аймағында көшбасшы атануды көздеп отыр. «Астана» ХҚО – осы межеге жетуге ықпал ететін басты ұйым.
Қаржылық технологиялар қазір әлемдік ең шапшаң дамып келе жатқан сала. АХҚО бұл салада да біраз шаруаларды қолға алды. Сол үшін арнайы Қаржылық Технологиялық Хабты іске қосты. Қазір қаржы технологиялары саласындағы Visa секілді алпауыттармен бірлесіп ірі жобаларды жүзеге асыруда. Осы саладағы стартаптарды, немесе жаңа бастамаларға барынша қолдау көрсетуге дайын.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеп бастаған бір жылдың ішінде Қаржы орталықтарының жаһандық индексіне (GFCI) кіріп, әлемнің 102 қаржы орталығының арасынан 88-ші орынға ие болса, 2019 жылы наурыз айында 51-орынға қарғыды.
Бұл тек бір жылғы жетістік. Сондықтан, АХҚО-ның ел экономикасына берері мол деген сенім бар.
28 маусым 2019 ж. 949 0