Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы өсті

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы өсті

1 қаңтардан бастап бірқатар жаңа заң күшіне енеді. Олардың қатарында 2020-2022 жылдарға арналған бюджет туралы құжат та бар, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Оған сай, елімізде зейнетақы мен жәрдемақы көтеріледі. Жаңа жылдан бастап күшіне енетін бюджет туралы заң бірқатар төлемді көбейтуді көздейді. Мәселен, 2019 жылы ең төменгі зейнетақы 36 108 теңге болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 38636 теңгеге дейін артады. Дегенмен зейнет жасындағы азаматтардың айтуынша, еліміздегі бағаның тұрақсыздығы бұл өзгерісті байқатпайтын көрінеді, деп хабарлайды «Хабар24» арнасы.
«Отын қымбат, ет қымбат, тамақ қымбат, бәрін төлеу керек. Ол жетпейді”, – деді зейнеткер Әсия Айтжанова.Қалай болғанда да, зейнетақының көбеюі 2 миллионға жуық зейнеткерді қамтиды. Бұдан бөлек, әлеуметтік төлемдердің мөлшері де артады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары осылай дейді.
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектік пен асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы 5 процентке көбейеді. Бұл төменгі күн көріс деңгейінің өзгеруіне байланысты”, – деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Бақыт Қалыкенова.Жаңа жылдан бастап бірінші топтағы мүгедектерге 59 872, ал екінші топтағыларға 47 710 теңге төленеді. Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмектің жаңа түрі де күшіне енеді. Бұл жәрдемақы кем дегенде 4 баласы барларға төленеді әрі отбасының табысы есептелмейді.
«Егер отбасында 4 бала болса, жәрдемақы 42 496 теңге болады, 5 балаға 53 127, ал алты балаға 63 657 теңге беріледі. 7 баласы барларға 74 388 теңге қарастырылған”, – деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Ғалия Жабағина.Елімізде мұндай жәрдемақы төленетін 360 мың отбасы бар екен. Оны рәсімдеу үшін көпбалалы отбасылар халыққа қызмет көрсету орталығына баруы тиіс. Ал мемлекеттен арнайы жәрдемақы алатындар бұл тізімге автоматты түрде енеді.
qaz.neonomad.kz
04 қаңтар 2020 ж. 750 0