Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында есірткі өсірген 56 жастағы тұрғын ұсталды

Қызылорда облысында есірткі өсірген 56 жастағы тұрғын ұсталды

Қызылорда облысында есірткі өсіріп, оны сатқан тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды polisia.kz.
"Қызылорда облысында 10 маусым күні "Қарасора-2020" арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында полиция қызметкерлерімен Қазалы ауданының 56 жастағы тұрғыны есірткі затын сатқаны үшін ұсталды", - делінген хабарламада. 
Тінту іс-шараларын өткізу барысында күдіктінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіргені анықталды.

"Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша, яғни 297-бабының 1-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) және 300-бабының 1- бөлігімен (өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егу немесе өсiру немесе сораның, көкнәрдiң немесе құрамында есiрткi заттар бар басқа да өсiмдiктердiң сұрыптарын егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Қазалы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды", - дейді полициядағылар. 
12 маусым 2020 ж. 951 0