Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Демалыстағы қатаң карантин қанша уақытқа дейін созылады?

Демалыстағы қатаң карантин қанша уақытқа дейін созылады?

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова демалыстағы катаң карантин неге сақталатынын айтты, деп хабарлайды sputniknews.kz.
«Біріншіден, біз қатаң карантиннің нәтижесін сақтап қалуымыз қажет. Ал вирус қалай таралады? Адамдар жақын араласқанда инфекцияның таралу қаупі күшейеді. Демалыста ондай қарым-қатынас көбейеді. Халық сауда орталықтары мен базарларға барады. Сол себепті демалыстағы қатаң карантинді сақтай тұруға шешім қабылданды», – деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, сенбі-жексенбі күндері ірі сауда орталықтары жабылады. Себебі ондай жерде халық көп жиналады.
«Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың бір жерде шоғырлануына жол бермеу және қарым-қатынасты азайту. Соның арқасында инфекцияның таралу тізбегін үзе аламыз. Демалыстағы локдаунның негізгі мақсаты осы», – деп атап көрсетті Есмағамбетова. 
Әзірге демалыстағы қатаң карантин екі аптадай сақталады. Одан кейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы локдаунды алып тастау мәселесін көтермек.
«Кеше денсаулық министрі Алексей Цой демалыстағы локдаун екі аптадай болады деді. Біз өз кезегімізде табыстың 40 проценті демалыста түсетінін жеткіздік. Дегенмен, келістік. Осы уақыттың ішінде кәсіпкерлік нысандар өз жұмысын ретке келтіріп, барлық санитарлық талапқа сай жүргізуі керек», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Жұмағазиев.
«Егер екі аптадан кейін бәрі ойдағыдай болса, біз демалыстағы локдаунды алып тастауды сұрайтын боламыз. Бұл – кезең-кезеңімен шешілетін нәрсе. Себебі адамдардың өмірі мен денсаулығы маңызды. Кәсіпкерлер де оны жақсы түсінеді», – деп атап көрсетті ол.
14 тамыз 2020 ж. 523 0